Асқар Мамин: азық-түлік бағасына қатаң мониторинг жүргізіледі

Асқар Мамин: азық-түлік бағасына қатаң мониторинг жүргізіледі

ашық дереккөзі

 width= ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны реттеу және азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі primeminister.kz ресми сайтына сілтеме жасап. Бағаға мониторинг жүргізу және қабылданған шаралар туралы сауда және интеграция министрі Б. Сұлтанов, азық-түлікпен қамтамасыз ету туралы ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, өңірлердегі ахуал туралы Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов баяндады. Биыл қалыптасқан жағдайда Үкімет пен әкімдіктер өнім өндіруді, сақтауды және барлық өңірлерге жеткізуді қамтамасыз ету бойынша шаралар кешенін қабылдады. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың шекті бағасы белгіленді, бағаны тежеу міндеттемесімен «қайтарымды схема» арқылы сауда желілеріне жеңілдікті қарыз беру практикасы кеңейтілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді, оның ішінде форвардтық сатып алу механизмі енгізілді – 24,5 млрд теңге бөлінді, 516,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін сатып алу үшін 159 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші іріктелді. Премьер-Министр қабылданған шаралардың әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын 4,4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік бергенін атап өтті, бұл өткен жылғы көрсеткіштерден екі есе аз (8,7%). Үкімет басшысы бағаны тұрақтандыру бойынша Алматы қаласын мысалға келтірді, мұнда «қайтарымды схема» үшін жедел түрде қаражат бөлу жұмыстары жүргізілді, бұл тұрақтандыру қорларын дер кезінде толықтыруға, сатып алынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімін кеңейтуге мүмкіндік берді.

«Әкімдіктер алдын алу шараларын дер кезінде қабылдаса, бағаның тұрақтылығы мен оны тежеу қамтамасыз етіледі. Біз импортқа тәуелділікті азайту үшін жұмыс жасап жатырмыз. Бағаны қымбаттатуға ешбір себеп жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың барлық түрлері бойынша бағаның тұрақтылығына қатаң бақылау қамтамасыз етіледі», — деді А. Мамин.

Жүктелуде...