Жаңалықтар

Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы аясында құны 1 трлн теңге болатын жобалар талқыланды

Үкімет отырысында Индустрияландыру картасы аясында құны 1 трлн теңге болатын жобалар талқыланды

 width= ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен үкімет отырысында Индустриялық-инновациялық дамудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Индустрияландыру картасы жобаларын іске асыру барысы қаралды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі primeminister.kz ресми сайтына сілтеме жасап. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б. Атамқұлов, Қарағанды облысының әкімі Ж. Қасымбек, Павлодар облысының әкімі Ә. Сқақов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов баяндама жасады. Пандемияның күрделі жағдайлары мен экономикадағы әлемдік құлдырауға қарамастан, 2020 жылдың 8 айында өңдеу өнеркәсібінде оң динамика қалыптасты, өсім 3,3%-ды құрады. Биыл Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 996 млрд теңгеге 206 жобаны іске қосу көзделген. Бұл өндіріс көлемін 1,3 трлн теңгеге, экспортты 325 млрд теңгеге арттыруға, шамамен 19 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Салалар бөлінісінде жобалардың негізгі бөлігі машина жасау (170 млрд теңгеге 19 жоба), ТКМК (190 млрд теңгеге 18 жоба), АӨК (195 млрд теңгеге 76 жоба), энергетикаға (126 млрд теңгеге 10 жоба) тиесілі. Индустрияландырудың көрнекі мысалдары — Алматыда «Hyundai» және Қостанайда «Chevrolet» жеңіл автомобильдерін құрастыруды іске қосу, Қарағанды облысында техникалық газдар өндірісі мен алтын шығару фабрикасын ашу және т. б. Құрылатын Өнеркәсіпті дамыту қоры 3%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қолжетімді несие беру арқылы кәсіпорындарды кеңейтуге және жаңғыртуға ықпал етеді. Биыл капиталды аса қажет ететін жобалар Қарағанды, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында іске асырылуда.
«Қалған өңірлер жобаларды іске асыруды жандандырсын. Әкімдер Индустрияландыру картасындағы жобалар бойынша жеке жауапты болады», — деді А. Мамин.