Арыс қаласында 108 отбасы баспаналы болды
Арыс қаласында 108 отбасы баспаналы болды
Арыс қаласында биыл құрылысы жүріп жатқан 36 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй кезекте тіркеліп тұрған азаматтарға берілетін болады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Тұрғын үйді бөлу ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес, көпбалалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мен әскери қызметшілерге кезек ретімен беріледі. Жалпы биылғы жылы 108 пәтердің кілті табысталады. Айта кетерлігі, Арыс қаласында келесі жылы 240 пәтерді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Тұрғын үй кезегіне электронды үкімет веб порталы арқылы өтінім беріледі. Өтінім беру кезінде сыбайлас жемқорлықтың тәуекелдеріне барынша жол бермеу бойынша шаралар қабылданған. Кезекте тұрған азаматтардың тізіміне жыл сайын түгендеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үй бойынша тарихи деректемелерімен сәйкестендірілген.
Арыс қаласында қазіргі таңда жалпы саны 1699 азамат тұрғын үй кезегінде тіркеліп тұр. Оның ішінде: көпбалалы отбасы саны – 418, ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 157, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобына жататындар – 743, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер және сайланбалы қызмет атқаратын адамдар- 381.