АҚШ В-52Н стратегиялық бомбалаушы ұшақтарымен Ресей аймағын қанатты зымырандар арқылы атқылау бойынша Қара теңіз, Эстония және Канада әуе кеңістігінде жаттығу өткізді. Жаттығу 28-тамызда НАТО-ның «Allied Sky» әскери жаттығуы аясында іске асқан. Бұл туралы 11-қыркүйек күні Ресейдің әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы Суровикин мәлімдеді.
«Cтратегиялық бомбалаушы ұшақтар Ресей аумағында орналасқан маңызды нысандарды Қара теңіз бен Эстонияның әуесінен қанатты зымырандармен жою бойынша жаттығулар өткізген. Ал Канадада Ресейге шығыс аймағынан соққы жасау бойынша жаттығу өткен», - деді ол.
«Allied Sky» жаттығуында B-52H ұшақтары 28 еуропалық мемлекеттің үстімен ұшып өтіп, ауыр әскери маневрлар жасаған. АҚШ-тың стратегиялық бомбалаушы ұшақтарын 12 елден 40 ұшақ қорғап жүрген.
Ресей бұл жаттығуларды арандату ретінде бағалап отырғанын мәлімдеді.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ