Жаңалықтар

Мемлекеттік нөмірі жоқ 17 көлік ауыл адамдарын қорқытуда

Мемлекеттік нөмірі жоқ 17 көлік ауыл адамдарын қорқытуда

 width= Алматы облысы Қапшағай қаласының әкімдігіне қарайтын Кербұлақ ауылынан төрт күннен бері маза кетті. 7 қыркүйек күні шағын ауылда оқ атылып, мемлекеттік нөмірі жоқ 17 көлік келіп, ауыл адамдарына сес көрсеткен. Екі адам жарақат алған. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды. Оқиға болған түні әйел адамдар - осы жайтқа себепші болуы мүмкін ауыл азаматының үйіне барып, анасынан өз балаларын тауып беруін талап еткен. Ал, 11 қыркүйекте кербұлақтықтар бұл ауылдағы ағайынды азаматтардың алғашқы қоқан-лоққысы емес, бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан жағдай деп сұхбат берді. Олар, төрт күннен бері кінәлілерді қамауға алмай отырған полицияға наразы.
"Түскі сағат бірде соғыс басталып, сағат төртте оқ атылыпты", - деді Кербұлақ ауылының тұрғыны Гүлмира Жаманқұлова.
Кербұлақ ауылының тұрғындарының айтуынша, көліктерінің нөмірі де, өздері де белгісіз адамдар келіп, ауылға оқ атқан. Қасында болмағандықтан кімнің жарақаттанғанын көрмедік деген олар мемлекеттік нөмірін әдейі шешіп алған көліктердің қаптап кеткенін айтты.
"Нөмерлерінің бәрін шешіп тастаған. Өзім санадым, 17 машина. Машина бітіп, ар жағына барсақ 40-50-дей бала жиналып тұр екен", - деді Кербұлақ ауылының тұрғыны Бәдірәддин Қазаев.
Ауылдағы әйелдер бірден үйіндегі ер азаматтарды іздеп, көшеге шыққан, өйткені бастапқыда олар телефон арқылы мардымды жауап бермеген. Анасы мен інісін іздеп шыққан Гүлмира да телефон жарығын қосып келе жатқанда нөмірсіз көліктегі бір жігіт телефонын тартып алып, жерге ұрып сындырған, өзін де көлікке басып әкетпек болғанда Бәдір деген кісінің құтқарып қалғанын айтты. "Өзім күшім жетпегеннен кейін айқайлай бастадым. 5-6 рет айқайлағаннан кейін әйелдердің бәрі жүгіріп маған келді", - деді Кербұлақ ауылының тұрғыны Гүлмира Жаманқұлова.
"Балам жұмыста жүрген. Сол жұмысынан сыныптас балдары шақырып алған. "Тез жет, бізді өлтіріп жатыр, біз жекпе-жекке шығамыз", - деп. Біз сол балдарымыз аман қалсын деп ойбайлап, шашымызды жұлып, жолға шықтық", - деді Кербұлақ ауылының тұрғыны Үйтолған Әбсалимова.
Тұрғындардың сөзінше, аталған оқиғаға құрылысы енді басталған спорт нысаны себеп болған. Ауылдағы ағайындар осы ғимаратқа ақша жинаймыз деген бастаманың артын бопсалауға ұластырып жіберіпті. Мұндай салық салу бірнеше жылға созылып келеді дейді. "Шықпағанда сол Ақжол өлетін еді. Сағат 2-ге дейін баламызды үйде тастап, біз шықтық. Мені Мәулен өлтірсе өлтірсін келіп, бірақ мына халықтың бәрі азап шегіп отыр. Қорқады бәрінен. Неге еркектер шықпайда. Қасында 3-4 балалары бар, осы ауылдары бар. Салық салады келіп, қойды алады", - дейді Кербұлақ ауылының тұрғыны Рита. Рита айтқан Ақжол есімді азамат соққыға жығылса да полицияға шағымданбаған. Оқиға болған түні әйелдер осы Ақжол мен өз балаларын іздеп, ағайында ауыл тұрғындарының үйіне барған. "Кішкентай болса да спортзал салдық. Бәрімізде бір қойымызды болса да береміз соған. Неге бермейміз, бәріміз де осы ауылдың тұрғынымыз. Ал егер біреуді ұрып, соғып, тартып алып жатса ол үшін заң бар", - деді Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Сағдат Нұрғазинов. Осы оқиға бойынша  Алматы облыстық полиция департаменті басшысы Серік Күдебаевақа есеп берген Қапшағай ауданы полиция бөлімінің өкілі нөмірсіз көліктің 3-еу болғанын, олардың іздеп жатқанын хабарлады. Оның айтуынша, ағайынды азаматтардың бірі, ауыл тұрғындарының күдігіне ілінген Мәулен де жарақат алған. Айта кетерлік жайт, әлі оқиғаға қатысы бар бірде-бір адам қамауға алынбаған.