Жаңалықтар

Түркістан: Отырар ауданындағы егіс алқаптарының 30%-ын тұз басып кеткен

Түркістан: Отырар ауданындағы егіс алқаптарының 30%-ын тұз басып кеткен

 width= Түркістан облысының Отырар ауданындағы егіс алқаптарының 30%-ын тұз басып кеткен. Бұл ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін төмендетіп, диқандардың жұмысына кедергі келтіруде, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. Бұл қиындықтан құтылу үшін жергілікті шаруалар ғалымдардың көмегіне жүгінген. Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп, тұзды жерге дақыл егіп, өнімділікті арттыру жобасын қолға алған. Қанатқақты жобаны аудан шаруалары ең алғаш осыдан 3 жыл бұрын ғалымдармен бірлесіп, сынақтан өткізген. Бүгінде 1500 гектардан астам жері бар, 90-ға жуық шаруашылық осы жобаның игілігін көріп отыр. Жаңа тәсіл тұзды топыраққа себілген өсімдік дәнінің күйіп кетпей, толық өсіп шығуын қамтамасыз етеді.
«Жүгері тұқымын препаратпен өңдеу, өсіп шыққан соң 3-5 жапырақ кезінде препаратпен үсінен бүрку жұмыстары жасалады. Азғантай мөлшерде тұз болғанның өзінде әрі қарай өсуіне әсер етіп, ол өспей қалады. Жаңа технология тұқымды өңдеп, күрделі кезеңнен өтіп кетуіне көмектеседі. Тамыры жақсы дамыған өсімдік мол өнім береді», - деді қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми зерттеу институтының бөлім меңгерушісі Мақсат Нұрбайұлы.