Атырау облысында Теңіз кен орнында мұнай өндіру бойынша зауыттың құрылысын салып жатқан «Теңізшевройл» ЖШС компаниясы жаңа жылдан кейін қырық мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтиды, -деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі Атырау облыстық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Атырау облысы әкімінің төрағалығымен өткен өнеркәсіп басшылары арасындағы мәжілісте айтылды.
«Теңізшевройл» ЖШС–ның бас менеджері Ырзабек Артығалиевтің мәлімдегеніндей, компания басшылығы пандемияның «екінші толқынына» толық дайын.
«Пандемия басталғалы бері компанияда санитарлық талаптар толықтай сақталуда. Жұмысшыларымыздың вахтаға бару, келу жағдайында ПТР сынамасы мінетті түрде алынады. Қазіргі уақытта «Теңізшевройл» ЖШС-на қарасты инфекциялық стационарда короновирус симптомымен 35 науқас ем алуда. Пневмония жұқтырғандар жоқ» - деді Ырзабек Артығалиев.
«Теңізшевройл» ЖШС бас менеджері Ырзабек Артығалиевтің айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС компаниясынан ағымдағы жылдың ақпан айында пандемия басталған сәтте 45 000 адам жұмыс жасаған. Сәуір айында коронавирус таралуының алдын алу мен жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында, сондай-ақ өндірістің тоқтап қалмауы үшін бірінші қажеттіліктегі емес саланың 27 000 қызметкері Теңіз кен орнынан шығарылды.
Бұдан кейін кеніште "таза" және "лас" аймақтар жасақталып, санитарлық талаптар сақталған соң, тамыз айында 17 000 –нан астам адам қайтадан вахталық жұмысқа жұмылдырылды. Олар арнайы ПТР тесттен өткізіліп отырады.
Жағдай тұрақтанған соң жаңа жылдан кейін қырық мыңнан астам адам Теңіз кенішіне алынып, жұмыстарына кіріседі. Қысқарту болмайды.
Сондай-ақ, Ырзабек Артығалиев әлемде мұнай бағасының арзандауы да компания жұмысына еш кедергі келтірмейтінін хабарлады.
Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов жиын соңында еңбек тұрақтылығын сақтай отырып, жұмысшылардың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету керектігін айтты.
«Құрылыс жұмыстарына қазіргі уақытта көптеген азаматтар тартылуда. Сол себепті, біз қандай мамандар қызмет ететінін алдын ала біліп отыруымыз керек. Қажет болса, қай ауданның, қай жердің тұрғыны екенін анықтап, дұрыс жоспарлаған жөн. Жыл басына дейін 40 мыңнан астам адам жұмысқа тартылатын болса, олардың арасында қауіпсіздік шараларын сақтап, санитариялық талаптарды басты назарда ұстаған жөн», - деді облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов.