Жаңалықтар

Әліппеге табиғатты аялауды еңгізу керек - Анар Фазылжанова

Әліппеге табиғатты аялауды еңгізу керек - Анар Фазылжанова

 width= Табиғатты аялауды қазіргі білім беру бағдарламаларына әліппеден бастап енгізу қажет. Мұндай ұсынысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова жасады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі  ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 1 қырқүйек күні «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауы қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Өйткені бұрынғы жолдаудардан бұл жолдаудың ерекшелігі сонда – қоғамның нағыз өзекті мәселелері көтерілді әрі бұл мәселелер төменнен жоғарыға жеткен, қоғамның көп саласындағы келеңсіздіктерді естуден туындаған.  Енді осы Жолдаудағы бізді елең еткізген және шынымен де шешілуі кезек күттірмейтін мәселелерге қатысты пікірімізді білдірсек. Ең алдымен, кәсіби біліктілігі жоғары, тың бастамалары бар жаңашыл мамандарға мұқтаж екеніміз туралы Президентіміздің сөзі барлығымызды мазалайды. Дәл осындай маман қазіргі кезде мемлекеттік қызметке қажет екенін уақыттың өзі көрсетті және Жолдауда осыған жетудің нақты қадамдары, тапсырмалар берілді»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, екіншіден, жаһандану кезеңіндегі мәдениет, экономика, рухани өмір, рухани саламаттылық тұрғысынан озық елдердің барлығында да бұған қол жеткізудің бірден-бір жолы адам капиталының дамуы екенін қазіргі тарихтың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан Президентіміздің «Жаңа типтегі білім беруге инвестициялар жұмсау» туралы тапсырмасын орындауға кірісу керек. Осыған байланысты қоғамның өз өмір сапасын арттыру үшін үнемі Үкіметке потерналистік сезіммен қарау сияқты қасаң стереотипін бұзу жолдары мен тәсілдері, әсіресе қоғамдық-гуманитарлық сала ғылымдарының зерттеулерінде ашылып көрсетіліп, кең талқыланатын өзекті ғылыми мәселеге айналуы тиіс. «Қоршаған ортаның саламаттылығын сақтау, жасыл экономика мәселесі де тек қана нақты материалдық қолдаулар мен қаржының немесе жоғарыдан берілген тапсырмалардың арқасында шешілмейтіні белгілі. Себебі экологлиялық сана болмайынша, жасыл экономикаға, қоршаған ортаның саламаттылығына, тазалығына қол жеткізу қиын. Ал экологиялық сананы қалыптастырудың негізгі көздері ана тілінде жатқанын жақсы білеміз. Себебі қазақ тілін бала кезден жете түсініп, меңгеріп, терең танып өскен тіл иелмені санасында экологиялық концептілер берік орнығады. Мәселен, тілімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыратын фразеологизмдер, тұрақты тіркестер, тыйымдардың тілдік репрезентанттары қазақтілді ортаны бала кезден тәрбилелеп, экологиялық санасын қалыптастырып қояды. Сондықтан осы тілдегі білімдер жүйесін, яғни табиғатты қорғау, табиғатты сүю, өзін табиғаттың бір бөлшегі ретінде сезінуге үйретететін тілдегі білімдер жүйесін қазіргі білім беру бағдарламаларына әліппеден бастап енгізуді ұсынамыз. Ол білімдер қалай бала бойына сіңеді дегенде, суға дәрет сындырмау, жерге түкірмеу, көкті жұлмау деген сияқты толып жатқан осындай тыйымдар жерді, суды, көкті қадірлеуге үйретеді», - деді Анар Фазылжанова. Сонымен бірге Институт директоры ғылым, білім саласы, зияткерлік қауымдастық өкілдері үшін жолдаудың «Қолжетімді әрі сапалы білім» атты 5-тарауындағы Президент көрсеткен проблемалар, олардың шешу жолдары түгелдей өзекті болып саналатындығын баса айтады.
«Жолдаудағы аса бір өзекті мәселе – ол ғылым саласын дамытуға қатысты Президенттің алға тартқан міндеттері. Мәселен, 500 ғалымның жыл сайын тағлымдамадан өтуін қаматамасыз ету туралы Президент тапсырмасы Қазақстан ғылымының тоқырап қалған көптеген саласына қан жүгіртетіні айдан анық. Сол сияқты «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу үшін бөлінетін 1000 грант зерттеушілік белсенділікті ғана емес, қазіргі беделі төмендеп кеткен ғалымның әлеуметтік мәребесін де көтеруге септігін тигізеді. Бұл гранттар қазіргі заманғы әлемдік ғылымдағы жаңа бағыттар бойынша тың ғылыми ізденістер жүргізуге біздің жастарымызға зор мүмкіндік беретіні ерекше қуантады», - деді ғалым.
Ол биыл А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты Тіл білімі институты «Ахмет оқулары 2020» шарасын алғаш рет жүзеге асырып отырғандығын айтады. «Аталған шараның Президентіміз Жолдауда келтірген: «Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген месседжімен үйлескен шара екені осы оқуға қатысқан қатысушылардың көптігі, белсенділігі дәлелдеп берді. Қоғам нағыз рухани жаңғыруға әбден дайын әрі толық кіріскелі отыр. Сондай кезеңде Президентіміздің де қоғамның мұң-мұқтажын айтып, қолдауы қуантады.
«Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керектігі» туралы қорытынды сөзінде келтірілген, қазақ бойындағы жағымсыз қасиеттерді сынаған Абайдың сөздері – «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» – қазіргі қоғам саламаттылығы үшін қажетті-ақ. Өйткені өз кемшілігін өзі мойындай білген, өз кемшілігімен күресе білген қоғам ғана дамиды, сол қоғам ғана өміршең болады», - деді Анар Фазылжанова.