«Жауапкершілік көп»: Шетелдегі қандастар праймериз туралы қандай пікірде?

«Жауапкершілік көп»: Шетелдегі қандастар праймериз туралы қандай пікірде?

ашық дереккөзі

 width= Қазақстан бойынша праймериз алғаш рет өтейін деп жатыр. Үкіметтің де, халықтың да партияішілік сайлаудан күтетіні көп. Ал шетелдегі қандастармыз праймериз туралы не біледі, не ойлайды? Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында Newsroom+Ақпарат агенттігінің тілшісі Иранда тұратын қандасымыз Жапарбай Шадкаммен сұқбаттасқан еді. Ел жаңалықтарынан хабардар шығарсыз. Соның ішінде Nur Otan партиясы өткізгелі жатқан праймеризге деген көзқарасыңыз қандай? Нұр Отан өткізгелі жатқан праймериз бірінші рет өтпек. Бірінші рет болған соң, бас салып бірден бірдеңе айту қиын. Бәрі бірден бола салады деу де, артық және өтірік болар еді. Сондықтан алғашқы қадам енді басталып жатыр екен, жақсы өтуіне тілектеспіз. Нәресте де бірден тұрып жүгіріп кетпейтіні сияқты кез келген жаңа бастама күткендегідей шықпай жатса, бұл да табиғи құбылыс. Бастысы - әрекет жасауға ұмтылыс бар сияқты. Соған сәттілік болсын дейміз. Праймеризден не күтесіз? Сауатты, сыни, ашық саяси тәжірибе күтеміз. Азаматтық қоғам өкілдерінің үні ескерілсе екен. Сөз бостандығы салтанат құрса екен. Жазықсыз сотталғандар босаса екен. Праймериз елімізде алғаш рет өткелі жатыр. Сіз бұдан басқа сайлаудың қандай жолын ұсынар едіңіз? Қазақстан заманға сай демократиялық сайлау өткізсе екен деп тілейміз. Сайлауды ашық өткізу үшін көп нәрсе қажет емес. Бұрынғыдай қоғам алдында көлгірсудің де күні өткен. Нұр Отан партиясы осыны ескерсе екен. Сосын сайлау-сайлау деп онсыз да жетісіп жүрмеген мұғалімдерді қинамаса екен дейміз. "Партиялық тізімдерде кемінде 30% әйелдер ұсынылуы керек" деген өзгеріс бар. Бұған деген пікіріңіз қандай? Егер мәселе шынымен осылай қойылса, сайлауды сайлау үшін өткізген болып шығады. Қолдан жасалған пайыз бен қолдан жасалған есеп-қисаптың ақыры жақсылықпен бітеді дегенге күманмен қараймын. Әйелдерді праймеризге ұсынуды пайызбен шектемеген жақсы. Бәлкім, көзделген пайыздан да асып түсетін шығар. Сондықтан қоғам өмірінде әйелдер көбірек белсенді болуы керек деп есептеймін. Бастысы бұл іске жауапкершілікпен қарау керек. Әйелдер көп болса, қуанамыз. Онда жауапкершілік те көп болмақ. Праймериз әділеттің жаршысы бола білсе ғана праймериз. Әйтпесе, одан қалған тірлік көзалдау, уақыт өткізу болып шығады. "Жүзден - жүйрік, мыңнан тұлпар шығу" үшін бұл - тиімді сәт. Праймериз парасатпен өтсе екен деп ойлаймын. Айта кетейік, бүгін «Nur Otan» партиясына жаңа мүшелер қабылдауды биылғы 11 қыркүйектен 4 қазанға дейінгі аралықта, яғни дауыс беру аяқталғанға дейін тоқтата тұру туралы шешім қабылданды.

Жүктелуде...