Түркістан облысының праймеризге дайындығы қалай? Облыстағы партия белсенділерілерінің жай-күйі қалай? Дауыс беретін учаскелер мен жария пікірсайыс өтетін орындар талапқа сай ма? Міне, осы және өзге де сұрақтарға жауап алуды көздеген «Nur Otan» партиясының хатшысы Арман Қырықбаев Отырар ауданында болған соң Кентау қаласына барды. Кентауда бастауыш партия ұйымы төрағаларымен және ұйымдастыру комитетінің мүшелерімен, сондай-ақ праймеризге қатысушылармен кездесті, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Праймериздің үгіт-насихат кезеңінің басталғанына 3-4 күн болды. Жер- жерде болып жатқан үгіт-насихат жұмыстарына, жалпы праймериздің ұйымдастыру мәселесін қадағалау, екінші жағынан әріптестерге қолдау көрсету, үшіншіден, қандай да бір келеңсіздіктер, шағымдар болатын болса талқылайық деп орталық аппаратының басшылығы мен қызметкерлері өңірлерді аралап жүр. Праймериз – партияның ішкі іріктеуі деп айтқанымызбен айналып келгенде бүкілхалықтық сипатқа ие болды. Әлеуметтік желілерде, интернет кеңістігінде праймериз сөз болып жатыр. Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев праймеризді әділ әрі жоғары деңгейде өткізуді тапсырды. Бәріміз осы сенім үдесінен шыға білуіміз керек», – деді Арман Оразбайұлы.
Бұл кездесуде «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Кентау қаласының әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Дәурен Мақажанов және БПҰ төрағалары ұйымдастыру барысымен таныстырды.
Кентаудағы жастар ресурстық орталығының ғимараты мен «Қарнақ» бпұ ғимаратында болған партия өкілдері дауыс беретін орындарды аралап, дайындық барысын пысықтады. Кентау қаласындағы БПҰ төрағалары да көкейде жүрген ойларын айтып, праймеризге дайын екендіктерін жеткізді.