Жастар жылы: Қазақстан мен Мысыр

12 Ақпан, 2019 941 0

    2019 жыл Елбасымыздың тікелей бастамасымен елімізде Жастар жылы деп жарияланды.  2018 жылдың қазанында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау мемлекет саясатының басымдығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын» деді Президент. Ашылу салтанатына ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өзі қатысқан шара күні Мысыр елінде іссапармен жүрдік. Аталмыш іс-шараны әлеуметтік желілердегі тікелей эфирден тамашалап, 2011 жылы «Жастар» революциясын бастан кешірген елмен екі арадағы ұқсастықтарды сараптап көрдік. 

    Мысырда 18-29 жас арасындағы жастардың саны 2018 жылы 20,2 миллионға жетіп, халықтың 21% құраған. Олардың 50,6 % ерлер, 49,4 % әйелдер. 100 миллионнан астам тұрғыны бар Мысыр халық саны жағынан ең ірі араб мемлекеттерінің бірі. Осы орайда, 18 млн халқы бар Қазақстандағы жастардың саны кей деректер бойынша 5 млн шамасында екенін айта кеткен жөн. Демек, жастарды ел тұрғындарының үлес салмағына шаққандағы статистикалық көрсеткіш саны – Астана мен Каир арасында ұқсас болып тұр деген сөз. Сондықтан да, жастар мәселесі екі елдің де даму стратегиясының Чнегізгі басымдығы болып қала беретіні даусыз секілді. 

    Мысыр Араб Республикасының Президенті әс-Сиси 2016 жылды «Жастар жылы» деп жариялап, Шарм әш-Шейх қаласында үлкен жастар форумын өткізген. Жастар жылы шеңберінде бірқатар белсенділерге амнистия жариялап, жобаларды қолдау үшін 200 миллиард фунт қаржы да бөлген. Жастарды жұмыспен қамту бағдарламалары іске асырылып, «Суэц арнасы», «Жаңа Астана» сияқты Мысырдағы мега-жобаларға жастар жұмылдырылуда. Тіпті, жастарды жұмыспен қамту және шағын және орта бизнесті қолдау, стартаптарға мүмкіндік жасау мақсатында соңғы жылдары мемлекет жаңа заңдар да қабылдаған. Осы ретте 2015 жылдың 9 ақпанында қабылданған Қазақстандағы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасын да айта кеткеніміз жөн. 2015 жылы Қазақстанда заң қабылданса, 2016 жылы Мысырда Жастар жылы жарияланған.    

    Қазақстанда отбасын құрған әрбір үшінші жас ажырасады. 18 млн ғана халқы бар ел үшін бұл көңіл көншітерлік көрсеткіш емес. Себебі, қазіргідей жаһандану заманында әрбір ұлт пен мемлекеттің болашаққа нық қадам басуы үшін орташа халық саны 30 млн болу керек деген статистикалық есепті ғалымдар айтып, дабыл қаққаны қашан. Жалпы мысырлық отбасылардың 12,3 % құрайтын жас отбасылардың саны 2,8 миллионға жеткен. Ажырасу салыстырмалы түрде төмен. Бірақ бұл көрсеткіш жылдан жылға өсуде екен. 

    Статистикалық деректерге сүйенсек, 1998 жылы Мысырда неке бұзу бойынша 71,7 мың акті тіркелсе, 2015 жылы 199,8 хал есепке алынған. Яғни әрбір 1000 некенің 2,1-і ажырасады деген сөз. Ажырасушылардың орта жасы біздің елмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары 39 жасты көрсетіп отыр. Өйткені, Мысыр елінің әдет ғұрпындағы қалың мал төлеу дәстүрі ерлердің ерте үйленуіне әжептеуір тосқауыл. Бұл деректерді әрмен қарай зерттеп, статистикалық мәліметтерді салыстырғанда үйленген ерлердің арасында 18-29 жасында шаңырақ көтергендерінің үлесі 61,5 %, әйелдер арасында 83,3 % көрсеткішті көрсетіп отыр. 2017 жылғы ақпаратқа сәйкес, 15-29 жас арасындағы азаматтардың әрбір 1000-на 0,8 өлім жағдайы тіркелген.

    Қай ел болмасын жастардың орны ерекше. Экономикалық және демографиялық көрсеткіштің негізгі драйвері де жастар екені анық. Сондықтан да, аталған мәселе әрқашанда өзектілігін жоғалтпайтыны рас. Осы орайда, екі ел арасындағы байланыс пен достық қарым-қатынастың да өте жоғары деңгейде екенін айта кеткен жөн. Мысыр тарапының да Қазақстанға деген қызығушылығы ерекше екен. ҚР Мысырдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Исағалиевтің сөзінше ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларындағы тапсырмалар шеңберінде, Каир университетінде «әл-Фараби» орталығы ашылды. 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде «қазақ тілі» мамандығы оқытылатын болады және біздің де аймақтану мақсатындағы зерттеуіміз жалғаса бермек.


Мақаланы жазу барысында, қолдау танытқан ҚР СІМ Халықаралық ақпарат комитеті мен қажетті деректерді ұсынған ҚР Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігіне Алғыс білдіреміз. 



Олжас БЕРКІНБАЕВ
саясаттанушы, 
сыртқы саясат және экономикалық зерттеулер институтының жетекшісі


Тегтер: Мысыр, Қазақстан, руханижаңғыру, жастаржылы, статистика, қоғам, білім, ажырасу

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.