Жаңалықтар

Үйде отырған балаға үй тапсырмасын беру ақылға қонымсыз - Аймағамбетов

Үйде отырған балаға үй тапсырмасын беру ақылға қонымсыз - Аймағамбетов

 width= Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов оқушыларды қашықтан оқыту кезінде тек оқу тапсырмасын ғана орындайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі.
"Бала дәстүрлі форматта, яғни мектепке барып оқығанда, сабақ кезінде белгілі бір тапсырмаларды орындайды. Мұғалімдердің сұрағына жауап береді. Жұмыс осылай жүреді. Одан кейін өткен сабақты қайталау үшін үйге қосымша тапсырма беріледі. Міне, бұл осындай формат. Ал қашықтан оқыған кезде, бала онсыз да үйде білім алады. Яғни, оған оқу тапсырмасынан бөлек қосымша үй тапсырмасын беру ақылға қонымсыз. Өйткені оқу тапсырмасын ол бәрібір де үйде орындайды", – деді Аймағамбетов.
Оқушыларға ауыртпалық түсірмес үшін, арнайы әдістемелер дайындалған.
"Енді біз оқу тапсырмасы және үй тапсырмасы деп бөлмейміз. Тек, оқу тапсырмасы ғана бар. Олар қашықтан оқитын оқушыларға бәрібір де үйге беріледі. Сондықтан тапсырмалар біз ұсынған көлемнен аспауы керек", – деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 800 мың оқушы дәстүрлі түрде оқып жатса, 2,6 миллион оқушы қашықтан оқуда.