Парламент мәжілісінің депутаты Дания Еспаева интернетпен қамтамасыз етілмеген отбасылардың жанайқайын білім министріне жеткізді, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
"Жазда білім министрі Аймағамбетов жаңа оқу жылында қашықтан білім беру жағынан қиындық болмайды деп сендірген. Алайда "Ақжол" фракциясының депутаттары өңірлерді аралап шыққаннан кейін шілде айында министрге тағы үндеу жолдап, жағдайдың түзелмегенін жеткізген", - деді Еспаева мәжілістің жалпы отырысында.
Депутаттың айтуынша, көпбалалы отбасылардың балалары бір смартфонға таласып, сабақ оқып жүр. Ал көптеген елді мекендерде интернет те жоқ.
"Шалғай жатқан елді мекендер былай тұрсын, тамыз айында Қаскелең қаласының ата-аналары интернеттің жоқтығына шағымданған. Олар Алматы қаласынан небәрі 24 шақырым шалғай жерде тұрады. Жаңа оқу жылы басталған бойда әлеуметтік желілерде осы іспетті проблемалар көбейіп кетті. Сонда мемлекеттен бөлінген қаржы қайда кетті?", - деп ашуланды Еспаева.
Оның сөзіне қарағанда, 2016 жылдан бері білім беру саласына республикалық бюджеттен шамамен 28 миллиард теңгеге трансферттер бөлінді. Соның ішінде 6 152 мектепке мультимедиялық құрал-жабдықтарды сатып алуға - 12 миллиард теңге, 7 160 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге - 16,5 миллиард теңге, бұдан бөлек, цифрлық білім беру ресурстарына қосылу үшін қыруар қаржы жұмсалды.
Дүниежүзілік банк те ақша берген Депутат Еспаева Дүниежүзілік банктен алынған қарызды да еске алды. 2017 жылы білім және ғылым министрлігінің бастамасымен банктен 67,5 миллион теңге қарызға алынған болатын. Жобаның атауы – "Орта білімді жаңғырту". Ал негізгі мақсаты – қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру. Осылайша, 5 мың мектепті мультимедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге шешім қабылданды. Ауыл мектептерінің барлығына компьютерлер мен кеңсе техникасы жеткізіледі деген жоспар болған. Ал, ең бастысы, интернет жылдамдығы баяу мектептерге қосымша сымсыз байланыс құралдарын орнату көзделген.
"Алайда қолда бар мәліметке сәйкес, осы жобаның бірде-бір бағыты бойынша конкурс жарияланған жоқ. Ал компьютерлер мен интернет құралдарын сатып алуға қатысты техникалық тапсырма да әзірленбепті. Соған қарамастан, Қазақстан үш жыл бойы қарызды резервтеу үшін комиссияны төлеп келеді. Ол шамамен 160 мың доллар. Себебі білім және ғылым министрлігі тиісті жұмысты бастаған жоқ", - деді Еспаева.
Депутаттың айтуынша, Дүниежүзілік банктен алынған қаржы игерілмесе де, шілде айында білім және ғылым министрлігі үкіметтен қосымша 74,2 миллиард теңге сұраған. Осы қаржыға мектептерді онлайн сабақтарға қажетті цифрлық технологиялармен қамтамасыз ету жоспарланған.
"Ақжол" фракциясының депуаттары білім және ғылым министріне хат жолдаған. Алайда шілде айынан бері жауап жоқ. Осыған байланысты олар премьер-министр мен есеп комитетінің төрайымына депутаттық сауал жолдап, қашықтан білім беруге бөлінген бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын тексеріп шығуды сұрады. Дүниежүзілік банктен алынған қаражатты игермеу себебін де анықтау қажеттігін жеткізді.