Атырауда мұздатқыштан табылған шақалақты тергеуші сараптамаға кешіктіріп жіберген.
Естіген елдің жағасын ұстатқан қылмыстық істі қарап жатқан сот процесі карантин жеңілдетілгелі офлайнға көшкен. Басты айыпталушы – перенаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері. Ол бүгін де әдеттегідей белсенді. Куәгер ретінде шақыртылған тергеушіні сұрақтың астына алды. Шақалақтың мәйітін анықтаған соң, неліктен оны бірден арнайы сараптамаға жібермегенін сұрады, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
"Астана" арнасына сілтеме жасап.
"Заң бойынша ол бала сот-дәрігерлік сараптамаға жіберілуі керек. Бірақ сіздер баланың мүрдесін 5 сағат бойы перзентханада ұстағансыздар. Потологиялық- анатомиялық заңында жазылған, 24 сағаттың ішінде зерттеліп біту керек, өйткені ол қорытындыларына әсер етеді", - дейді айыпталушы Қуаныш Нысанбаев.
Айыпталушы нәрестенің денесін Орал қаласына тасымалдау тәртібі де дұрыс орындалмады дейді. Тергеуші болса, тасымалдау тәртібін егжей-тегжей білмесе де, сәби денесін салқын күйінде жеткізуге тырысқанын айтты.
"Егер мен қандай температурада сақталу керектігін білмесем, бір нәрсені бұздым деген сөз емес. Мен баланың денесі бүктетіліп жатпасын деп оның бойына лайықты ыдыс іздедім. Сосын оны тапқан соң, жан-жағына соғылмасын деп жаялықпен орадық. Мүрде сақталсын деп контейнер айналасына мұз қойдық. Мен қарапайым талаптарды орындадым", - деп түсіндірді Атырау облысының СЖҚІҚ департаментінің тергеушісі, куәгер Айбек Уандықов.
Алайда бұл жауап сотталушылар мен олардың адвокаттарын қанағаттандырмады. Айтуларынша, алдымен Атыраудағы сот-сараптамалық орталыққа жібергенде уақыт жоғалтпас еді.
Еске сала кетейік, бұл жағдай былтыр қыркүйекте жалпақ жұртқа жария болды. Перзентхана дәрігерлері тірі шақалақты мұздатқышқа салды деген күдікке ілікті. Айыпталушы орындығында бұрынғы бас дәрігерден бөлек, оның қарамағында жұмыс істеген 3 қызметкері бар. Олар сотқа тергеу абақтысынан жеткізілді. Тағы бір айыпталушы үйінен онлайн қатысты. Қапыда қалған шақалақтың ата-анасы да сотқа қатысып жатыр. Бірақ қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Аты шулы іске 162 куәгер шақыртылмақ. Жалпы қылмыстық іс 45 томнан тұрады.