Зейнетақы қоры: ақша мөлшеріне байланысты мемлекетке салық төлеу керек
Зейнетақы қоры: ақша мөлшеріне байланысты мемлекетке салық төлеу керек
Қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін 2021 жылдың басынан бастап ала алады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қолданыстағы Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағына сәйкес, осы баптың 2-тармағында көрсетілген табыстарды қоспағанда, салық төлеушінің табысына 10% мөлшерінде салық салынады.
Ал осы кодекстің 320-бабының 2-тармағында Қазақстан Республикасындағы көздерден алынған дивидендтер түріндегі кірістерге 5% мөлшерінде салық салынады.
Осылайша, қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін алатын болса, соманың 10%-ін салық түрінде төлеуге міндетті.
Сонымен қатар қайтыс болған туысының зейнетақы салымдарын мұраға алу, Қазақстан азаматтығынан шығатын басқа елге тұрақты тұруға кететін адамдар үшін зейнетақы ақшасын алу кезінде де осындай шарттар көзделген.
Демек, бір миллион теңге алу кезінде 100 мың теңгені жеке табыс салығы түрінде төлеуге тура келеді. Ал 2,5 миллион алынса, 250 мың теңге төлейді.
Зейнетақы жинағын кім ала алады
Қазақстан президенті 1 қыркүйекте халыққа жолдауы кезінде зейнетақы жинағын тұрғын үй сатып алу, емделу, қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалануға берілетінін хабарлады.
Соған сәйкес, 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға болады. Алайда қаражат адамның жеке шотына аударылмайды және қолма-қол берілмейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, келесі жылдан бастап зейнетақы жинағының бір бөлігін жұмсау мүмкіндігіне 721 мың азамат ие болады. Олар:
- зейнетақы жинағы бар, қордағы ақшасы "жеткіліктілік шегінен" асатын еңбекке жарамды жастағы азаматтар – 529,7 мың адам;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында жинағы бар зейнеткерлер – 178,4 мың адам;
- зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және шотында жинағы қалған қазақстандықтар – 13,3 мың адам.