Дәрігерлер соқырішекті анықтай алмай, бір отбасы қыздарынан айырылды
Дәрігерлер соқырішекті анықтай алмай, бір отбасы қыздарынан айырылды
«Соқырішекті анықтай алмай жалғызымыздан айырылдық! Ақ халаттылардың сөзіне сеніп, мүлде басқа дертпен емдеппіз» деген отбасы 16 жастағы қызынан көз жазып қалды. Миллиондар тұратын мегаполисте дәрігерлер анализ алмай әуреге салып уақытты текке жоғалттық дейді. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қапияда жалғызынан айырылып қалған отбасы дәрігерлердің дұрыс диагноз қоймағанына қынжылып отыр. Әуел баста қолындағы бөртпелерін көріп «қызылша» немесе «аллергия» десе, кейіннен сырқаты қоймаған соң «көмейдегі бадамша бездерінің қабынуы» деп ем-дом жасауды нұсқапты. Дертінен айықпаған өрімдей қызымыздан дер кезінде анализ алмағандықтан осындай жағдайға тап болдық, дейді анасы.
Жанар САПАРҒАЛИЕВА, марқұмның анасы:
«Корь болса корға анализ алыңыздар келіңіздер үйге анализ алыңыздар дедік. Солай деп едім, «Бізде ондай не жоқ, анализ ала алмаймыз», деді. Үш күн жүріп уақытты жоғалтып алғансыздар, соқыр ішегі жарылып кеткен деді».
Анасының айтуы бойынша, Лаура есімді қыздары бұрын қатты сырқаттанып көрмепті. Бұл жолы қызуы 39-ға дейін жетіп, оны арнайы дәрілермен түсіріп отырған. Қызылша деген соң өзге бір дертке шалдықты деген ой үш ұйықтасақ түсімізге де кірмеді дейді. Ал арада төрт күн өткеннен кейін ғана толық тексерудің нәтижесі бойынша «соқырішек» ауруына шалдыққандығы анықталған.
Жанар САПАРҒАЛИЕВА, марқұмның анасы:
«Қалқаманға апарып едік, сол жерден өздері «соқырішек» деп анықтады. Өкпесі таза деді. Рентгені шықты. Одан кейін ЭКГ-сын жасады. Анализдерінің бәрін алды. Соя мен беларубин көп болып тұр. Олар балада соқырішек жарылып кеткен деді».
Тез арада ота жасап, содан кейін бойжеткенді палатаға ауыстырған. Бірақ сол түні жағдайы нашарлап жансақтау бөліміне түсіпті. Бұдан кейін комадан бір-ақ шыққан. Лаура 20 тамыз күні қайтыс болды. Ал қалалық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі уақытта бұл іске қатысты арнайы комиссия құрылғанын жеткізді.
Ләйлә ИМАНҒАЛИЕВА, қалалық денсаулық сақтау басқармасы дәрілік қамтамасыз ету және материалдық-техникалық жабдықтау бөлімінің басшысы:
«Қазір бұл оқиғаға байланысты арнайы комиссия құрылды. Сонымен қатар тәуелсіз сарапшылар да жұмылдырылды. Қызметтік тексеру басталды. Комиссияның тексеру нәтижелері туралы ақпарат қорытындысы шыққаннан кейін ата-анасына хабарланады. Бұл мәселе басқарманың ерекше бақылауында. Барлық қажетті шаралар қабылданады».
Үш рет жедел жәрдем көлігін шақырып, екі рет жергілікті емханаға қаралғанымен, нақты диагноз қойылмады деген Жанар Сапарғалиева сап-сау қызынан көз жазып қалғанына әлі де сене алар емес. Енді бұл істің ақ-қарасын анықтау үшін құзырлы органдарға арызданамыз деп отыр.