Құдалар төс қағыстыратын «Qalamaimyn» жобасы көрерменге жол тартты
Құдалар төс қағыстыратын «Qalamaimyn» жобасы көрерменге жол тартты
«Хабар» телеарнасында жаңа маусым қарсаңында жаңа жоба! Көгілдір экраннан көрерменге жуырда жол тартқан «QALAMAIMYN» жобасы – еліміздегі қазақы нақыштағы тұңғыш ток-шоу. Жоба аясында отау құрып, отбасылық өмірге аяқ басқалы тұрған 12 жұптың құдаласып, құдандасуы жүзеге асады. Аталмыш жобаны дүйсенбі-жұма күндері аралығында «Хабар» телеарнасынан тамашалай аласыздар, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Qamshy.kz сайтына сілтеме жасап.
Жобаға Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет..»,-деген сөздері мен ұсынысынының негіз болғанын ток-шоу ұйымдастырушылары тілге тиек етеді.
Сондай-ақ, жобаның басты мақсаты – мемлекет басшысының той-думанға қатысты үндеуін халыққа дұрыс жеткізу. Ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, қазақы қуанышты төл дәстүр жолымен өткізу. Дарақылықтан тыйып, бұрмаланған салт-сананы түзету, үлкендер мен жас буынның арасына дәнекер болу. «Qalamaimyn» реалити-шоуы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 12 жұп арқылы той-думанның жаңа формуласын ұсынуға тырысады.
Яғни, бақталассыз, атақ-құрметке деген талас-тартыссыз қос ғашықтың шаңырақ құруына ат салысады. Айта кететін бір жәйт, жобаға қатысушы шынайы 12 жұп бір-біріне дауыс беретін болады, нәтижесінде жеңіске жеткен жұпқа еңселі елордамыз Нұр-сұлтан қаласынан баспананың кілті табысталады.
Ток-шоудың студиясында екі елдің үлкендері етене танысып, әңгіме-дүкен құрып, төс қағыстыратын болады.
«Qalamaimyn» жобасының алаңы – бүгінгі таңда карантиннің кесірінен құда болып қыздың жағына түсіп бара алмай қалған қыз бен жігіттің ата-аналырының танысатын, құдалардың қауышып, ресми түрде заңды «құда, құдағи» лауазымына ие болатын құдалықтың нағыз төрі. Ежелгі заманнан ұлтымыздың ұлықтайтын салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына сусындап, құдалықтың қызығына куә боламын десеңіз, дүйсенбі-жұма күндері аралығында, сағат 17.00-де «Хабар» телеарнасын қосыңыздар. Көрігі қызған құдалықтың құрметті де тұрақты көрерменіне айналуға шақырамыз.