Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
7 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Құдалар төс қағыстыратын «Qalamaimyn» жобасы көрерменге жол тартты

Құдалар төс қағыстыратын «Qalamaimyn» жобасы көрерменге жол тартты

Құдалар төс қағыстыратын «Qalamaimyn» жобасы көрерменге жол тартты
ашық дереккөзі
 width= «Хабар» телеарнасында жаңа маусым қарсаңында жаңа жоба! Көгілдір экраннан көрерменге жуырда жол тартқан «QALAMAIMYN» жобасы – еліміздегі қазақы нақыштағы тұңғыш ток-шоу. Жоба аясында отау құрып, отбасылық өмірге аяқ басқалы тұрған 12 жұптың құдаласып, құдандасуы жүзеге асады. Аталмыш жобаны дүйсенбі-жұма күндері аралығында «Хабар» телеарнасынан тамашалай аласыздар, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Qamshy.kz сайтына сілтеме жасап. Жобаға Қазақстан Республикасының Президенті – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Телевизиялық және радио хабарларының сапасын арттыру қажет. Арзан ойын-күлкіден гөрі, ұлттық идеяға қызмет ететін топырағымыздан тамыр алған төл бағдарламаларды молайту қажет..»,-деген сөздері мен ұсынысынының негіз болғанын ток-шоу ұйымдастырушылары тілге тиек етеді. Сондай-ақ, жобаның басты мақсаты – мемлекет басшысының той-думанға қатысты үндеуін халыққа дұрыс жеткізу. Ұлттық құндылықтарды ұлықтай отырып, қазақы қуанышты төл дәстүр жолымен өткізу. Дарақылықтан тыйып, бұрмаланған салт-сананы түзету, үлкендер мен жас буынның арасына дәнекер болу. «Qalamaimyn» реалити-шоуы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 12 жұп арқылы той-думанның жаңа формуласын ұсынуға тырысады. Яғни, бақталассыз, атақ-құрметке деген талас-тартыссыз қос ғашықтың шаңырақ құруына ат салысады. Айта кететін бір жәйт, жобаға қатысушы шынайы 12 жұп бір-біріне дауыс беретін болады, нәтижесінде жеңіске жеткен жұпқа еңселі елордамыз Нұр-сұлтан қаласынан баспананың кілті табысталады. Ток-шоудың студиясында екі елдің үлкендері етене танысып, әңгіме-дүкен құрып, төс қағыстыратын болады. «Qalamaimyn» жобасының алаңы – бүгінгі таңда карантиннің кесірінен құда болып қыздың жағына түсіп бара алмай қалған қыз бен жігіттің ата-аналырының танысатын, құдалардың қауышып, ресми түрде заңды «құда, құдағи» лауазымына ие болатын құдалықтың нағыз төрі. Ежелгі заманнан ұлтымыздың ұлықтайтын салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына сусындап, құдалықтың қызығына куә боламын десеңіз, дүйсенбі-жұма күндері аралығында, сағат 17.00-де «Хабар» телеарнасын қосыңыздар. Көрігі қызған құдалықтың құрметті де тұрақты көрерменіне айналуға шақырамыз.