Жаңалықтар

Дамир Көбжасаров: елімізде инфекцияға қарсы иммунитеті бар азаматтар саны артып келеді

Дамир Көбжасаров: елімізде инфекцияға қарсы иммунитеті бар азаматтар саны артып келеді

 width= Қазақстандықтардың 60%-да коронавирусқа қарсы иммунитеті болғанда пандемияны тоқтата аламыз. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.
«Елімізде инфекцияға қарсы иммунитеті бар азаматтар саны артып келеді. Қазақстандықтардың 60%-ы қажетті иммунитетке ие болғанда пандемияны тоқтата аламыз. Сонымен қатар сапалы вакцина жасап шығарылуы мүмкін деген үміттеміз. Қазіргі уақытта қазақстандық вакцина (QazCovid-in®) ДДҰ-на I және II фазалық клиникалық зерттеулерге кандидат вакцина ретінде тіркелді. Ол Алматы қаласындағы Фтизиопульмонология Ұлттық ғылыми орталығында клиникалық сынақтан өтетін болады. Тәжірибеге 18-50 жас аралығындағы денсаулығы жақсы еріктілер қатыса алады», - деп атап өтті Дамир Асыланұлы.
Сонымен қатар, Дамир Көбжасаров ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің коронавирус бойынша жасап жатқан болжамдарының дәлдігне қатысты пікір білдірді.
«COVID-19 әрдайым қолданыстағы эпидемиологиялық заңдар мен қағидаларға бағынбайтын зерттелмеген жаңа инфекция. Ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында қысқа мерзім ішінде індет жұқтырғандар саны күрт өсті. Науқастарға уақытылы көмек көрсетуге медициналық ұйымдардың мүмкіндігі жеткіліксіз болды. Оған дәрі-дәрмек, жеке қорғану құралдары, өкпені жасанды желдету аппараттары және оксигенаторлар тапшылығы мәселесі қосылды. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі осы қателіктерден сабақ алды және болуы мүмкін коронавирустың екінші толқынына дайындық жұмыстарын пысықтады. Дегенмен індеттің жаңа толқынына қатысты жасалған негатив болжам мүлде орындалмауы да мүмкін. Болжамдар алдағы екі аптаға және 2 айдан 4 айға дейінгі мерзімге жасалады. Тәжірибе көрсеткендей ұзақ мерзімді болжамдарға қарағанда қысқа мерзімді жобалау дәл келеді» - деді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының директоры Дамир Көбжасаров.
Еске сала кетейік, биыл тұмауға қарсы вакцина 10 қыркүйек пен 10 қараша аралығында жүргізіледі. Оны жүкті әйелдер (2-3 триместрде), медициналық қызметкерлер мен 18 жасқа дейінгі созылмалы аурулары бар балалар, интернат, балалар үйі сияқты жабық мекемелерде орналасқандар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандар мен жасы 60-тан асқан азаматтар тегін ала алады.