Алаштың алғашқы құрбаны кім?

06 Ақпан, 2019 770 0

Алашорданың Семейдегі алғашқы құрылған атты милициясының командирі Қазы Нұрмұхамедұлы 1893 жылы Сыбан-Еңірекей болысының № 9 аулында дүниеге келген. Оның әкесі Нұрмұхамед Атағарин (сүйегі төре болуы керек) осы болысқа танымал билердің бірі болған. Мұрағат деректерінде Еңірекей болысының лауазымды қызметтегі адамдарының тізімінде Исмайыл Жанқабаев – болыс басқарушусы, кандидаты – Рахметжан Убин, Нұрмұхамет Атағарин – № 9 аулдың судьясы деп көрсетілген. Қази Семейдегі орыс-қазақ мектебін бітіріп, 1914 жылы мұғалімдер семинариясына түседі. 1918 жылы 6 наурызда жаттығу кезінде қызылдардың атқан оғынан 25 жасында қаза табады.
Өзінің қысқа ғұмырында артына өшпестей із қалдыруы оның алаш әскерінде қызмет етіп жүрген кезде жазықсыз қаза болуымен байланысты. Осы бір нақақ өлім қазақ қоғамын, оның ішінде алаш қайраткерлерін сілкіндіріп өткені анық. Қазы туралы барлық деректер оның қазасына қатысты ғана болып келеді. Дегенмен ерекше қабілеттері болмаса жаңадан құрылып жатқан әскерге жай ғана семинаристің командир бола қоюы екіталай.   Батыл, жетекшілік қабілеті бар, өз құрбыларының ортасында шоқтығы биік  болғандығын «Сарыарқа» газетіндегі мақаладан көруге болады:
«Семейде екі класты  школды бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген  жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді. Марқұм ақ көңіл, талапкер, жігерлі, ұлтшыл жас еді.  ұлтшылдығын көрсетті.
Қазақ сиездерінің қаулысын жүзеге асыру мақсатында Семейдегі алаш азаматтары нақты әскер құру ісіне толық кіріспегенімен, алғашқы ұйымдастыру шараларын қолға алған болатын. Әскер өнеріне үйрететін маман офицерлер болмағандықтан, алашшыл жастар өздері атты милиция жасағын құрып, жаттығулар жасайтын. Олардың бұл қылығын жақтырмаған сол кезде билік қолдарына тиген большевик әскерлер: «ойыныңды тоқтат, қаруыңды бері әкел» деп қоқан-лоқы көрсетіп жүретін. Қазидың қаза табуы туралы сол кезде «Сарыарқа» газеті толық жазды. Қайғылы оқиға былай болған еді. 1918 жылы 6 наурызда таңертеңгі сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат (қызыләскер) келіп еш себепсіз мылтық атады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық дауысы шыққан соң бірлі – жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, учительский семинария шәкірті Қазы Нұрмұхамедұлы жігіттерге айғайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек өлейік, бәрімізді қырмас» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрды. Сол арада мылтық үсті – үстіне атылып, Қазының  өзіне де, атына да оқ тиді. Оқ жүректен тиген екен. Есіл жас сол арада жан тапсырды» деп жазды «Сарыарқа» газеті. (Алаш құрбаны. Сарыарқа. 15 март 1918 ж. № 21).
Қ.Нұрмұхамедұлы ешқандай қылмыс жасамаған, бір топ қарусыз қазақ жігіттерін жаттықтырып жатқанда большевиктер келіп, нақақ жанды қарадай атып өлтірген. Әскер құру енді ғана қолға алынып жатқан кезде кіші командир Қазы Нұрмұхамедұлының жау қолынан қаза табуы Алаш үшін психологиялық үлкен соққы болды. Бұл оқиғаны бұрын соғыс тұрмақ әскерде де болып көрмеген қазақ жастарының үрейін ұшырып, жігерін мұқалту үшін «қызылдар» тарапынан әдей жасалынған қастандық деп қарастыруға болады. Қазақтардың әскер жасақтауға деген талпынысын осылайша бір оқпен тоқтатып тастамақ болған пиғылдары анық байқалады.
Бұл қанды оқиға алаш әскерінің келешегі үшін үлкен қатер екендігін ел басқарған қазақ азаматтары сезді. Сондықтан, Қазидың қазасына үлкен саяси мән берілді. Жерлеу рәсіміне алаш туын көтерген азаматтардың барлығы жиналады, жан тебірентер сөздер сөйленеді. Міржақып Дулатов Қазиға арнаған «Тұңғыш құрбан» деген өлеңін оқиды, Райымжан Мәрсеков, Мұстақым Малдыбаев және т.б. азаматтар сөз сөйлейді. Алаш азаматын соңғы сапарға шығарып салып тұрып, айтқан Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Мұны өлді демеңдер. Бұл күні һәм мұнан соңғы азаматтар мына мен сияқты болып «ұлтым деңдер», деп өзінің ұлтшылдығын сөзбен емес, іспен көрсетті… Қарағым, Қазы, өліміңе өкінбе! Арманың жоқ, құдай алдында да, жұрт алдында да сенің орның бөлек» деген жалынды сөзі көпшіліктің жүрегінде жатталды.
Әсіресе, Қазидың семинарияда бірге оқитын жолдасы Жүсіпбек Аймауытовтың сөзі жан тебірентеді: «Жан бауырым жолдасым! Хош бол! Жасаған алдыңды өзіңе, артын бізге қайырлы қылсын! Талаптандың, талпындың, оқып қатарға кірдің! Бұл күнде мынадай мезгілсіз қазаға душар болдың. Өкінбе! Ұлтың үшін туып едің, ұлтың үшін өлдің! Кеудеңде бір-ақ арман кетті, ешкімге оқ атып, қылыш суыра алмай, жазықсыз оққа ұштың. Тым болмаса ұлтыңның бақытының шетін көре алмай кеттің. Хош, бауырым, жолдасым! – деп көзінің жасын тия алмай, сөзін әрең тоқтатты. Сүйтіп, 7 мартта, бейсембі күні Алаштың соңғы құрбанын соңғы баянды сапарына шығарып, жұрт тарқасты» (Алаш құрбаны. Сарыарқа. 15 март 1918 ж. № 21).
Алаш азаматтары жауынгер жігіттердің рухын көтеруге тырысты. Олардың қызметі халық үшін екендігін, жаһид болған жағдайда ешқашан ұмытылмайтындығын айтып, отбасыларына Алашорда тарапынан көмек көрсетілетінін жариялады. Сол кездегі «Жас азамат» газеті Бірлік ұйымының Қазидың қазасына көңіл айту жеделхатын жариялады. Оның мәтіні төмендегідей: «Біз от жанды, ұлт қанды, есіл қыршын жас Қазының арманы жоқ: ұлт жолында тұңғыш құрбан болды. Біздер Қазыны және оның үлгілі жолын ұмытпасқа құдай алдында, ар алдында уәде бердік. Сол уәдеге бірінші негіз салу үшін 20 апрелде қазақша ойын жасап, түскен саф пайданың жартысын артта қалған бір жасар ұлының тәрбиесіне бермек болдық және басқа уақыттарда жәрдем қылып тұруға қаулы істедік. Бірлік ұйымы атынан Смағұл Садуақасұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Ғаббас Тоғжанұлы, Асхат Сейдалыұлы. Апрель 1918 жыл»(Жас азамат. Апрель 1918 жыл)
Алаш азаматтары Қазының өліміне кінәлілерді жазаға тарту туралы мәселе көтеріп, большевиктердің штабына барады. «Сарыарқа» газеті: «Сол күні біздің басшы азаматтар Қазының жолсыз өлгені туралы большевиктер бастықтарымен сөйлесті. Олар: «Біз мұндай жұмысты істе деп ешкімге бұйырғанымыз жоқ. Өз бетімен істеп жүрген бұзақылардың жұмысы» деп  оқ атқан солдаттарды айыптатты. Сонан кейін атушы солдаттар военно – революционный сотқа берілді» дегенімен, бұл есерсоқтарға ешқандай жаза берілмеген сияқты. Өйткені, маусым айында большевиктер Семейден қашқан кезде Қазиды атқан солдат аман-есен солармен бірге кеткен. Оларды қуған алаш әскері тұтқындардың ішіндегі әлгі солдатты таныған.
Топырағы суымай жатып екі-үш айдан кейін-ақ Қазидың кегі қайтарылғаны жаңа құрылған Алаш атты әскерінің рухын көтерді. Қазиды жазықсыз атып тастаған большевиктің Рубцовск майданында Алаш әскерінің қолына түскені туралы «Сарыарқа» газетінде жазылды: «Алаш әскерінің оралуы. …Большевиктер жағынан үш адам өліп, екеуі жараланды, он бір адам қолға түсті. Сегіз жылқы,  жүз сомның мөлшерінде ақша және көп қару-жарақ олжаланды. Тұтқындардың арасында Қазиды өлтірген большевик те бар. Тағы бір большевиктің қылышпен басы шабылды. Алаш әскерінің шығыны – бір адам. Жорықтан әскердің рухы көтеріліп қайтты».

Алаштың алғашқы құрбаны болған Қазы Нұрмұхамедұлы қысқа ғұмырында осылайша артында өшпестей із қалдырды. Семейде Алашқа арналған саябақ ашылып, онда Қази Нұрмұхамедовке ескерткіш қойылады деген бастама-ұсыныстар болған еді. Олра уақытында өз шешімін таба жатар. Дегенмен оның есімі әскери бөлімдерге, жауынгерлік–спорттық бағыттағы, патриоттық ұйымдарға лайық болған болар еді.


Асылбеков Мұхаметбек Қасымханұлы,
Семей қаласы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті
Манаш Қозыбаев атындағы тарихи зерттеулер ғылыми орталығы.

Тегтер: Алаш, алғашқы, құрбан, Қазы, Нұрмұхамедұлы

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.