Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің
Facebook парақшасында жариялады, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, алдағы уақытта мектепте оқытылатын қазақ әдебиеті пәнінің мазмұны, құрылымы, тіпті, бағдарламасы да түбегейлі өзгермек.
«Әдебиетші ғалымдарды, білікті ұстаздарды, осы саланың мамандарын басын қосатын арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталмақ» дейді Министр. Әзірге комиссия мүшелерінің аты-жөні және қашан құрылатындығы белгісіз. Комиссия мүшесі болуға ниетті адамдар қалай іріктелетіні де жұмбақ күйінде. Өйткені бұл жұмыс тобына мүше болғысы келетін және қазақ әдебиетіне жанашырлықпен қарайтындардың саны жетерлік.
Министр өз жазбасында: «Әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынады» дейді.
Айта кетейік, бұған дейін қазақ әдебиетінің мектепте оқыту проблемасына қатысты мәселені Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев көтерген болатын.