5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі. Дәл осы күні ұлт ұстазы, Алашорда үкіметінің белсенді мүшесі Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген. Сондықтан бұл қазақ халқы үшін ұлық мейрам. Ғасырлар бойы атадан балаға мирас болған ана тіліміздің айбыны асқақтап, беделі беки түсетін кез. Таңбалы тарихымызда ана тіліміз талай түрленді, түледі. Дегенмен, жыр-дастандар, терме өсиет өлеңдер, айтыс сынды ауызекі өнер түрлері арқылы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Енді оны келешекке ұрпаққа жеткізу біз үшін басты парызымыз!
Осыған орай, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуалдық мемлекеттік мекемесінің бастамасымен қыркүйек айы «Тіл фестивалі» болып жарияланды. 5 қыркүйек күні елордада XXII қалалық тіл фестивалі аясында «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы бастау алды.
Шара барысында акцияның арнайы белгісі бар футболка мен кепка киген еріктілер қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы тілдері мерекесі туралы дайындалған материалдарды (салалық сөздіктер, мерекелік бағдарлама буклеттері) қоғамдық орындарда таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Акция «Бәйтерек» маңындағы бульварда бастау алды. Сонымен қатар, Елорданың 5 нүктесінде (ботаникалық саябақта, Кенесары ескертікіші жанындағы арбатта, СОО Хан Шатыр, СОО Азия парк, Қазақстан спорт кешені) тіл фестивальінің бағдарламасы мен құттықтау сөзі жазылған төрт бұрышты фото рамка қойылып, қала тұрғындарын естелік суретке арнайы фотограф түсірді. Акция 7 қыркүйек күні қаламыздағы сауда орталықтары мен темір жол ғимараттарында, әуежай орындарында жалғасын таппақ.
Елорда тұрғындары мен қала қонақтарын осы мерекемен құттықтаймыз! Ана тіліміздің айбыны асқақ, тұғыры биік болсын!