Мектепте қазақ тілінің Грамматикасы қайта оқытылатын болды
Мектепте қазақ тілінің Грамматикасы қайта оқытылатын болды
Мектепте қазақ тілінің грамматикасы қайта оқытылатын болды. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің фэйсбук желісінде жариялады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі.
2016 жылдан бастап еліміздегі мектептер жаңартылған білім мазмұнына көшті. Сәйкесінше әр сыныптың оқу бағдарламалары, оқулықтары жаңара бастады. Осы жаңашылдық аясында тіпті оқушыларды бағалау жүйесі өзгеріп, дәстүрлі 5-тік жүйесінің орнына критериалды бағалау енгізілді. Бірнеше жаңа пәндер де оқытыла бастады.
Ата-аналар, мұғалімдер мен қоғам тарапынан бұл бастама әртүрлі қабылданды. Бірақ тіл жанашырларының басты мұңы қазақ тілінің грамматикасына қатысты болды. Грамматиканы оқуға бөлінетін сағат саны азайып, оның орнына тілдік дағдыларды дамытуға көңіл бөлінген. Бұл мәселені қазақ тілінің мамандары жиі көтеріп, бағдарламаға өзгеріс керектігін айтқан еді. Бүгін еліміздің бас ұстазы осы мәселеге қатысты Министрліктің ұстанымын жеткізді.
Министрдің айтуынша, жуырда орта білімдегі қазақ тілі пәнін оқыту бағдарламасы біршама өзгермек.
«Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады. Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше», дейді Министр.
Асхат Қанатұлы грамматиканы оқытуда лингвист ғалым Ахмет Байтұрсынұлының еңбектері басшылыққа алынатындығын да жеткізді.
Айта кетейік, биыл жаңартылған білім беру мазмұнына аясында 11-сыныптар да көштік. Олар үшін жаңадан оқулықтар жарық көрді. Демек биылғы мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тесті жаңа бағдарлама бойынша тапсырады.