Коронавирус кезіндегі карантиндік шектеулерден жайлап шыққан дұрыс
Коронавирус кезіндегі карантиндік шектеулерден жайлап шыққан дұрыс
Бүкіләлемдік денсаулық ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирус індетінің таралуына байланысты дүниежүзі бойынша қойылған карантиндік шектеулерден бірте-бірте шыққан дұрыс деп жазады NewsRoom+ақпарат агенттігінің тілшісі Iz.ru-ға сілтеме жасап.
Гебрейесустің айтуынша, карантин режимін сақтаған мемлекеттер қалыпты жағдайға көшуде мейлінше сақ болғаны дұрыс. "Себебі жұқпалы ауру барынша тез тарап, өте баяу кейін шегінуде. Бұл сәт нағыз қауіпті кезең.
Сондықтан адамдар болашақта індеттің қайталануын болдырмау үшін, барынша сақтық шараларын сақтағаны абзал",-дейді ол.
БДҰ бас директорының сөзіне сенетін болсақ, COVID-19 туралы нақты шешім айту өте қиын. Коронавирус ауруын жұқтырып, аурудан айыққандардың иммунитетінің қайта қалпына келуі туралы айтуға ерте екендігін алға тартады. Сонымен қатар коронавирустың бұл жаңа түрі осыдан он жыл алдыңғы шошқа тұмауымен салыстырғанда, қайтыс болғандардың көптігімен ерекшелентінін айтты.
Бүгінде әлем бойынша Worldmeter статистикалық бюросының санағы бойынша коронавирус жұқтырғандардың саны 1 926 235 адам болса, оның 119 729 адам қайтыс болған.
Ал індеттің бастау алған Қытайдың Ухань қаласындағы 11 аптаға созылған карантин аяқталып, қалыпты жағдайға көшкенін еске саламыз.