Бүгін Кентау қаласында праймеризге қатысушылар арасында жеребе тартылды. Яғни, 88 кентаулық азамат өзара пікір-сайыс өткізетін қарсыластарын анықтады. Партияішілік іс-шараға «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев, Кентау қаласының әкімі, партияның қалалық филиалының төрағасы Дәурен Мақажанов арнайы қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жалпы облысымызда өтетін праймеризге 1144 азамат өтініш білдірсе, соның 106-сы Түркістан қаласынан, 104-і Сарыағаш ауданынан, 93-і Қазығұрт ауданынан, ал төртінші орында 88 үміткермен Кентау қаласы тұр. 88 кандидаттың 71-і қалалық маслихатқа, 16-сы облыстық маслихатқа, 1-еуі Парламент мәжілісіне үміткер ретінде тіркеуден өткен. Ендігі мақсат – праймериздің кезеңдерінен сүрінбей өтіп, партиялық резервке ену.
«Облысымызда өткелі отырған праймеризге тіркелген 1144 кандидаттың ішінде 212 адам бастауыш партия ұйымдарынан, 932-сі өзін-өзі ұсынып отыр. Соның ішінде 28 кандидат мәжіліс депутаттығына, 156-сы облыстық мәслихатқа, 960-сы аудандық, қалалық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде тіркелген. Бұл құрылғанына енді ғана екі жыл толған Түркістан облысы үшін үлкен көрсеткіш. Сондықтан үміткерлер праймериздің барлық талап-шарттарын сақтай отырып, әділ де, шынайы, ашық түрде өтуіне атсалысуы қажет» деді Бейсен Дәулетұлы.
Айта кетейік, Түркістан облысында мәжіліс депутаттығына және облыс, аудан мәслихатына бір орынға орта есеппен 4 адамнан тіркелген. Бұлардың арасында праймеризден өткен 2 кандидат негізгі үміткер болып сайлауға қатыса алдады. Қазіргі таңда облыс бойынша дауыс беруге және дебаттарды өткізуге арналған 209 орын белгіленген.