Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықоваға «ханның қызысың ба?» деген жаңақорғандық белсенді Сандуғаш Тұрлыбекованың видеосын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Әлеуметтік желіні шулатқан жаңақорғандық белсендінің бұл видеосы аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа абырой бермегенге ұқсайды. Ақыры аудан әкімі Сұлтан Мақашов қызметінен кетіп тынды, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Adyrna.kz сайтына сілтеме жасап.
Жаңақорған ауданына жаңа әкім келді. Оны аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұртшылыққа таныстырып, қызметіне сәттілік тіледі.
Сөйтіп, облыс әкімінің өкімімен және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Жаңақорған аудандық мәслихатының келісімі бойынша Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына Рүстемов Руслан Рүстемұлы (суретте) тағайындалды.
Ескерте кетейік, Руслан Рүстемовтің есімі облыс, аудан жұртшылығына жете таныс. Бірнеше жыл бұрын Жаңақорған ауданын басқарған.
Ол әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факултетін бітірген бітірген.
Еңбек жолын Қызылорда педагогикалық институтының Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы ретінде бастаған. 1997-2002 жылдары – Қызылорда қаласы әкімінің аппаратында маман, консультант, Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз хатшысы, Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, Қызылорда қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бөлімінің меңгерушісі. 2002-2010 жылдары – Қызылорда облысының мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, Қызылорда облысы әкімі аппаратының әлеуметтік - саяси бөлімінің меңгерушісі, Шиелі ауданы әкімі аппаратының басшысы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары. 2010 - 2019 жылдары Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының басшысы, екі мәрте Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасын басқарған, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары, Жаңақорған ауданының әкімі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болған.
2019 жылдың тамыз айынан бастап осы кезге дейін Сырдария ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді.