Құрметті Сайрам ауданының тұрғындары! Қымбатты әлеумет!
Сіздерді еліміздің еңселі мерекесі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ел еңсесін тіктеп, Конституциямыздың қабылданғанына биыл 25 жыл толды.
Конституциялық құрылыстың негізгі тірегі ретінде біз бұл мемлекеттік мерекені 1995 жылдың 30 тамызынан бері атап өтіп, Ата Заңның ел бірлігі, қоғамдық және рухани келісім, саяси тұрақтылықтың кепіліне айналғанын тұрақты түрде дәріптеп келеміз.
Ұлт көшбасшысы – Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жерінде өмір сүріп жатқан барлық азаматтардың теңдігі – Отанымыздың дамуы мен гүлденуінің басты қайнары»,- деп айрықша атап көрсетті.
Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы "Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру. Ата заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді", - деген болатын.
Бұл маңызды құжат – қоғамның орнықты дамуына жол ашып, әлеуеті артуын, әрбір азаматтың демократиялық көзқарасын қалыптастыруын, әл-ауқатын арттырып, кәсіпкерлікпен айналысуын, мемлекеттен көрсетілетін қажетті көмектерді алуын, өзін-өзі еңбекпен қамтып, сол арқылы өзінің әл-ауқатын жақсартуын және өз Отанында жайлы өмір сүруін қамтамасыз етіп келеді.
"Отан отбасынан басталады" дегендей, Конституциямыздың мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, сондай-ақ жеке өзіміз, отбасымыз бен балаларымыз үшін маңыздылығы жоғары. Сондықтан, әрбір азамат конституциялық құқықтарын біліп, әрқайсымыз жете бағалауымыз қажет.
Құрметті жерлестер! Елдігіміздің мерейін асыратын айтулы мереке баршаңызға құтты болсын! Шаңырақтарыңызға бақ-дәулет, дендеріңізге саулық тілеймін. Мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болғай!
Құрметпен Сайрам ауданының әкімі Ұласбек СӘДІБЕКОВ