«Орындаймыз», «реттейміз»: халықтың сынына іліккен министрлер тапсырманы уақытылы орындай ма?

«Орындаймыз», «реттейміз»: халықтың сынына іліккен министрлер тапсырманы уақытылы орындай ма?

«Министрлік 2021-2023 жылдарға арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жоспарын әзірлейді. Оның ішінде ауылдық тұрғындарды жедел жәрдеммен қамтамасыз ету бар... Медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында шалғайдағы елді мекендер үшін 100 медициналық кешен - автобустар алынады. Отандық өндірістен 1167 медициналық-санитарлық көлік алынады».Шағын және орта бизнестің де шамасы шатқаяқтап тұр қазір. Төтенше жағдай кезінде көбісі тұралады. Үкімет оларды төлемдер мен салықтардан босаттық деп кеуде соқса да, нәтиже шамалы. Билік бизнесті сақтап қалуға тағы бір қадам жасамақ. Ұлттық банк бұл мақсатқа 200 млрд қарастырып отыр. Ерболат ДОСАЕВ, Ұлттық банк төрағасы:
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. «Салалар тізбесін Үкімет «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп анықтайтын болады. Ұлттық банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады».Білім және ғылым министрі де жолдауда айтылған жалақы мәселесін толығырақ тарқатты. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысы 25 пайызға еселенеді. Ал магистрлік дәрежесі үшін тағы 27 мың теңгеге көбеюі ықтимал. Бас ұстаз сондай-ақ балабақша мәселесіне де тоқталды. Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым министрі:
«Қазіргі жағдайда қай балабақша мемлекеттік тапсырысты алатынын аудан, қала білім бөлімдері шешсе, ал бұдан кейін ата-аналардың өздері ваучерлік қаржыландыру принципімен шешетін болады. Яғни нақты бір баланың балабақшаға кезегі келгенде ата-анасы ваучерді алып, өзі қалаған балабақшаға беруге мүмкіндік алады».Үкімет отырысында баспана мәселесі де айтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов 100 мың отандасымыздың үйлі болуына көмектесеміз деді. Тиісті тетіктер әзірленіп жатыр екен. Сондай-ақ Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов те салықтар мен төлемдер саны едәуір қысқарады деп сүйіншіледі. Бүгінде Салық кодексінде 12 салық, 48 кіші салық түрі болса, 10 төлемақы және 6 алым көзделіп отыр.