Бүгін Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаевпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Академия басшысы Дархан Қыдырәлі Білім министрі Эмин Амруллаевты жаңа тағайындалған қызметімен құттықтап, жаңа басталған оқу жылына сәттілік тіледі.
Айта кету керек, биыл Түрік академиясының Ғылыми кеңесінің кезекті іс басындағы төрағалығын Әзербайжан Республикасы қабылдап, қарқынды жұмыс істеуде.
Әңгімелесу барысында тараптар әлемге тараған індет салдарына қарамастан жасалып жатқан жұмыстарды талқылап, ғылым және білім бағытында алдағы уақытта атқарылатын бірлескен жобалар жайында пікірлесті.
Сонымен қатар, қазан айының басында Абдуррахим бей Хагвердиевтің 150 жылдығын және Узеир Гаджибеевтің 135 жылдығына арналған халықаралық онлайн конференция өткізу туралы уағдаласты.
Өз кезегінде, Эмин Амруллаев Академия басшысының қараша айында Қазақстанда өтетін ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған халықаралық конференцияға шақыруын қабыл алды.
Сондай-ақ қазан айында Эмин Амруллаев Түрік академиясының Ғылыми кеңесінің кезекті отырысын өткізуді ұсынды. Сөз соңында Білім министрі Халықаралық Түрік академиясының қызметіне жоғары баға беретінін атап өтті.