Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
1 қыркүйек, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Пандемия 2 жылға созылып, ұстаздардың жалақысы көбейеді: Бүгін қандай оқиға болды?

Пандемия 2 жылға созылып, ұстаздардың жалақысы көбейеді: Бүгін қандай оқиға болды?

Пандемия 2 жылға созылып, ұстаздардың жалақысы көбейеді: Бүгін қандай оқиға болды?
ашық дереккөзі
 width= 1 қыркүйек күніне арналған маңызды жаңалықтарға шолуды Newsroom+Ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.

Пандемия 2 жылға созылады

 width= Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның 2 жылға созылатынын айтты. «Қарапайым халықтан ешнәрсе жасырған жоқпыз. Ащы да болса шындықты айттық. Коронавирус кем дегенде екі жылға созылады. Ауырған адамдардың барлық саны халыққа аян. Пандемия бізге көп нәрсенің қадірін түсінуді үйретті. Соның ішінде дәрігерлердің орны бөлек. Дәрі-дәрмекпен ешқандай мәселе туындамайды. Ендігі жерде, Қазақстан дәріні өзі өндіретін болады».

2021 жылы қазақстандықтар зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады

 width= 2021 жылы 700 мың қазақстандық зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауында айтты. «Тапсырмамның аясында тұрғындар өз зейнетақы жинағының бөлігін пайдалану мәселесі қарастырылды. Бұл қазір өте өзекті. 2021 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы жинағының бөлімін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесе жыл соңына дейін тиісті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», – деді Президент.

Мұғалімдердің жалақысы екі есеге көбейеді

 width= Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын көтеру туралы айтты. «Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді», – деді Тоқаев. Мемлекет басшысының айтуынша, мұғалімдердің жалақысын көтеру үшін алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінеді. Осылайша, ұстаздардың еңбекақысы екі есеге артады.

Ауыл әкімін жергілікті халық сайлайды

 width= Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлауға қатысты пікір білдірді. «Жалпы алдағы саяси реформалар халықтың басқару жүйесіне бағытталуы керек. Қоғам ауыл әкімдерінің сайлау арқылы сайланғанын қалайды», – деді президент өз жолдауында. «Бұл – маңызды қадам. Оған жан-жақты дайындалу қажет және біртіндеп іске асыру керек. Біз осы жүйенің қалай жұмыс істейтінін анық білуіміз керек. Алайда бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Келесі жылы бірқатар ауыл әкімінің құзіреті аяқталады. Меніңше, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу керек», – деді мемлекет басшысы.

Мұғалімдер мен оқушылар «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды: дәстүрлі оқу тәртібіне көшу керек

 width= Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус салдарынан білім беру жүйесінің өзгеріске ұшырағандығы туралы мәлімдеді. «Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде. Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні «WhatsApp»-тан бас көтермейтін болды. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет. Дегенмен сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн. Бұл, әсіресе, мектептер үшін маңызды. Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек», - деді президент.

Мұхтар Тайжан Марғұлан Сейсембайды сотқа бермек

 width= Осыдан біраз уақыт бұрын қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мен белді бизнесмен Марғұлан Сейсембайдың арасында кикілжің пайда болған еді. Мұхтар Тайжан кезекті арызын дайындап жатқанын өз facebook парақшасында жариялады. «Бизнесте де, қоғамдық қызметте де әркім өз ісі мен әрекетіне жауап беруі керек. Сәуірде сен маған және менің отбасыма қатысты жала жауып пост жаздың. Сол кезде мен сені дебатқа шақырып, өз айтқандарыңды дәлелдеуге шақырдым, бірақ сен бас тарттың. Енді мен саған ресми сот алдында өз сөзіңді негіздеуге мүмкіндік беремін. Егер сен сотта сөзіңде дәлелдей алмасаң бұрынғы «ерліктеріңе» тағы бір жетістігің – жалақор деген атақ қосылады. Сонымен бірге 10 млн теңге айыппұл төлейсің, мен ол ақшаны қайырымдылыққа жұмсаймын. Жаздың өтуін күттім, өйткені көп адам жазда күн сайын қайғылы жағдайға тап болып, жақындарынан айырылды. Қазір ел ақырындап қалыпты өмірге оралып жатыр. Сонымен бірге бүгінде мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі емеспін, сенің үйіңнің айналасындағы аңдушылар да түсініксіз себептермен жоғалып кетті. Осының барлығына нүкте қоятын уақыт келді. Өз адвокаттарым Назкен Құсайынова мен Әнуар Байдарға алғыс айтамын, олар өте сапалы талап арыз дайындапты, мен оған жаңа қол қойдым, енді арыз Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына табысталады».