Моңғолия өздерінің автокөліктерін жасап шығарды
Моңғолия өздерінің автокөліктерін жасап шығарды
Моңғолиялықтар автомобиль өндіру нарығын өз қолдарына алуды көздеп отыр. Атап айтсақ, «Барс моторс» компаниясы өз инвестицияларымен ҚХР-дың Ханчжоу қаласында автокөлік құрастыратын бірлескен зауыт ашып, алғашқы өнімдерін шығара бастады, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.
Автомобиль «Монголын Зон Олон» /МОЗО/ немесе «Моңғол жұртшылығы» деген атпен кешікпей моңғол халқының тұрмыстық қажеттілігіне ұсынылатын болады Соңғы ақпараттарға қарағанда, көліктер Моңғолияға жеткізілген, 2 ақпанда көрмеде көпшілікке көрсетіледі деп күтілуде.
Компания тарапынан, сол күні ашық есік күні жарияланып, алдын-ала тапсырыс қабылдауды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда МОЗО көлігі Моңғолияның қатал климаты мен моңғол жұртшылығының қолданысына сәйкес келуі, сапасы мен сыртқы бейнесінің тартымдылығы, жанармай шығыны мен бөлшектердің сапасына сынақ жүргізілуде. Егер сынақ сәтті болса, автомобиль сатылымға шығады.
Алғашқы автомобиль орташа өлшемді, жол талғамайды, бағасы моңғолдардың өмір сүру жағдайы мен қаржылық мүмкіндігіне байланысты қолжетімді болады, деп хабарлайды Барс Моторс компаниясының өкілдері. Моңғол халқы автокөлік сатып алуға жылына 500-800 миллион доллар жұмсайды деген дерек бар. Ақша, әдеттегідей Жапония, Корея және АҚШ-қа асып кетіп жатыр.
Сондықтан, автокөлік сатып алуға жұмсалатын қаражат ағымын сақтау күнтәртібіндегі маңызды мәселе болып отыр. «Барс Моторс» ЖШС өзінің бірлескен кәсіпорнына жылына 25 000 автомобиль шығаратын мүмкіндікке ие. Келесі жылы 100% электрмен жұмыс істейтін автомобильдер шығармақ.
Сонымен қатар, «Барс Моторс» Моңғолияда автомобиль шығаратын зауыт ашу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізуде. Компания директоры Д.Дэмбэрэл «Зауыт құру үшін өте жақсы механик-инженерлер немесе білікті кадрлар, заманауи құралдар, автокөлік бөлшектері мен технология басты маңызға ие болады.
ҚХР-да әлемдегі барлық технология шоғырланған. Сондықтан біз, бұл жерде инновацияға қол жеткізуіміз керек. Осылай жасау арқылы кем дегенде 200 млн долларды елімізде қалдыра аламыз» деген түсініктеме берді.
Қуат Уатхан