Түркістан облысында вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай ұйымдастырылған «Толқысын шартарап» атты республикалық ән байқауының жеңімпаздары анықталды. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған өнер сайысына еліміздің әр өңірінен 40-қа жуық үміткер қатысты, деп хабарлайды Newsroom.kz
Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Қазақстан Ресрубликасының Халық әртісі Ш.Қалдаяқовтың туған өлкесінде өтті. Салтанатты шараға орталық басшысы мен арнайы қонақтар қатысты. Жастар ресурстық орталығының басшысы Амалбек Өміртай композитордың шығармашылығына тоқталып, алдағы уақытта да сазгер мұрасы насихаттала беретінін атап өтті.
«Бұл өнер сайысының өзге жарыстардан ерекшелігі онлайн режимде өткізілгенінде. Карантинге байланысты байқауды осындай жолмен өткізуді жөн санадық. Мұндағы мақсат - жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, сазгер Шәмші атамыздың мол мұрасын ел ішінде насихаттау болатын. Мақсат орындалды деген сенімдемін. Ұлыларымызды ұлықтауға арналған шаралар мұнымен шектелмейді», – дейді А.Өміртай.