Карантин басталғалы қызымды ешкім көрген жоқ - Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы
Карантин басталғалы қызымды ешкім көрген жоқ - Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы
Қытайда түрмеде отырған Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова карантин басталғалы қызынан ешқандай хабар ала алмай отырғанын айтты, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Жуырда Қытайдың апелляциялық инстанциясы Ақжарқын Тұрлыбайға кесілген сот үкімін тағы да өзгеріссіз қалдырды. Енді қорғаушылар мен қыздың отбасы Ақжарқынды Қазақстанға қайтару жолдарын қарастырып жатыр. Екі ел арасындағы келісімшартқа сәйкес, Ақжарқын жазасын Қазақстанда өтеу үшін жазбаша келісім беруі керек.
Зухра Сейтімова қызының өз елінде жазасын өтеуге келісіп-келіспегенінен хабарсыз.
"Білмеймін, мен қызыммен жолықпаймын ғой. Келісім берудің нақты мерзімі жоқ", - деді ол.Сейтімова Ақжарқынның қазір Гуанчжоу қаласындағы изоляторда жатқанын, енді қандай түрмеге ауыстырылатынын білмейтінін айтты. Әйел қызымен соңғы рет былтыр сәуір айында сөйлескен. Карантин басталғалы баласынан еш хабар ала алмай отыр. "Карантин болғандықтан, ол жаққа ешкімді кіргізбейді. Тіпті дипломаттарды, адвокаттарды кіргізбеді. Карантин басталғалы бері ешкім көрмеген", - деді Сейтімова.