Жаңалықтарға шолу: Бүгін қандай оқиға болды?

Жаңалықтарға шолу: Бүгін қандай оқиға болды?

ашық дереккөзі

 width= 28 тамыз күніне арналған маңызды жаңалықтарға шолуды Newsroom+Ақпарат агенттігі назарларыңызға ұсынады.

Коронавирустан кейін Қазақстанды туберкулез жайлап кетуі мүмкін

 width= Көкшетауда облыстық туберкулезге қарсы диспансерде өткен жиынға қатысушылар коронавирус індетінен кейін елде туберкулез жайлап кетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Ал конференцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, туберкулездің көбеюіне адамдардың әлсіз иммунитеті себеп болуы мүмкін. Өйткені қазір көп адам жұмыссыз болғандықтан, тиісті тамақ пен қажетті витаминдерді уақытында тұтына алмайды. Әсіресе тұрақты мекен-жайы жоқ, далада түнеп жүрген үйсіз-күйсіз жандардың жағдайы өте қиын. Сондықтан да оларды қазірден бастап қамқорлыққа алу қажет.

Елімізде «Қара бүркіт» атымен танылған колонияның басшысы ұсталды

 width= Қостанай облысының полиция департаменті террорист Руслан Қүлекбаев пен экс-шекарашы Владислав Челах жазасын өтеп жатқан «Қара бүркіт» колониясының басшысының ұсталғанын айтты. Бірлескен операцияны Қостанай облысы ПД ҰҚКД және ӨҚБ қызметкерлері жүргізген. Қостанай облысы бойынша ҚАЖД УК-161/3 төтенше қауіпсіздік мекемесінің басшысы колониядағы сотталушыға қамқорлық жасағаны үшін пара алғаннан кейін ұсталған. Күдікті колония басшысы болып өткен жылдың желтоқсанында тағайындалған. Еске салайық, «Қара бүркітте» 2012 жылдың желтоқсанында өмір бойына сотталған қарағандылық бұрынғы шекарашы Владислав Челах жазасын өтеп жатыр. Ол 2012 жылдың мамырында «Арқанкерген» уақытша шекара бекетінде 14 әріптесі мен қорықшының өліміне кінәлі деп танылды. Сонымен қатар мұнда алматылық мерген Руслан Қүлекбаев отыр. 2016 жылдың 18 шілдесінде таңертең ол Алматыдағы Алмалы АІІБ, ҰҚКД және салық департаментінің ғимаратына қарулы шабуыл жасады. Атыс салдарынан 10 адам қаза тапқан болатын.

Балаларыңызды ЖРВИ мен пневмониядан сақтаңыздар – педиатр

 width= Қолды жиі жуу, бөлмелерді желдету және айналадағы заттарды дезинфекциялық құралдармен өңдеу инфекцияның алдын алуға көмектеседі. Күзгі маусым қарсаңында №1 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы директорының орынбасары, педиатр Динат Қожекенов Нұр-Сұлтан әкімдігінің Instagram парақшасында өткен тікелей эфирде ата-аналарға ұсыныстар айтты. Ең алдымен, оның айтуынша, жеке гигиенаны сақтау керек. Иммунитетті сақтау үшін балалар мен ересектер жақсы тамақтанып, жаттығу жасап, денені шынықтыруы керек. Егер балада ЖРВИ белгілері болса, онда оны өз бетінше емдемей, учаскелік дәрігердің кеңесімен ем жасау қажет. Балаларда иммунитет енді қалыптасып жатқандықтан, ауру қауіпті болуы мүмкін. ЖРВИ – аурудың жалпыланған атауы. Оны әртүрлі вирустар тудыруы мүмкін. Жедел респираторлы вирустық инфекциялар ұзақ уақыт бойы заттарда немесе ауада сақталуы мүмкін, деді ол. Пневмонияның қоздырғышы да әртүрлі болуы мүмкін. Оны вирустар, бактериялар және жасушаішілік микроорганизмдер қоздыруы мүмкін. Негізінен ауа тамшылары арқылы берілетін микроорганизмдер өкпенің қабынуына әкеледі. Көбінесе пневмония вирустық болып басталады, содан кейін бактериялыққа ұласуы мүмкін.

Бірқатар оқу орындары лицензиясын жойды: жаңа оқу жылына құжаттар қабылданбайды

 width= ҚР Білім және ғылым министрлігі бірнеше жоғары оқу орнының білім беру лицензиясының күшін тоқтатты. Бұл шешімге бірқатар жоғары оқу орнын қайта тексеру барысында Білім туралы заңнама нормаларының бұзылуы негіз болды. «Алматы» университеті, «Қайнар» академиясы, Алматы экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті және «Silkway» халықаралық университетін қайта тексеру қорытындысы бойынша білім беру саласындағы заңнама нормаларының бұзылуы қайта анықталды. Осыған байланысты ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті «Алматы» университеті, Алматы Экономика және статистика академиясы, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті, А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті анықталған бұзушылықтар жойылғанға дейін лицензиясының күшін тоқтатты. «Қайнар» Академиясы мен «Silkway» халықаралық университетінің ісі тексеру қорытындысына шағымдануына байланысты сотта қаралуда. Сот процесі аяқталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданады. Сонымен қатар М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «құқық» даярлау бағыты бойынша (бакалавриат) лицензияға қосымшаның қолданылуы тоқтатылды. Осы ретте талапкерлерді заңнамаға сәйкес білім беру қызметін жүргізуге лицензияның қолданылуы тоқтатылған жағдайда жоғары оқу орны жаңа 2020-2021 оқу жылына қабылдай алмайтындығына назар аударуларын сұраймыз.

Мұғалімдер мен оқушыларға арналған тариф іске қосылды: бағасы – 990 теңге

 width= Мұғалімдер мен оқушыларға арналған «Білім» тарифі жаңа оқу жылынан бастап іске қосылады. Бұл туралы «Күнделік» ЖШС бас директоры Мұхтар Ілиясов мәлімдеді. Бұған дейін ұялы байланыс операторлары мұғалімдер мен оқушылар үшін арнайы тарифтік жоспар әзірлеп жатқаны туралы хабарланған болатын. 28 тамызда өткен онлайн баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі арнайы тарифтің қашан іске қосылатынын сұрады. Ол арнайы тарифтен kundelik.kz ресурсына мегабайт жұмсалмайтынын атап өтті. Тарифтік жоспарда мұғалім мен оқушы арасындағы лимитсіз қоңыраулар, сондай-ақ білім және ғылым министрлігі белгілеген отандық білім беру ресурстарына лимитсіз қосылу қарастырылған.

Жүктелуде...