Түркістан облысы, Жетісай ауданында коронавирус жұқтырған жүкті келіншек перзентін аман-есен дүниеге әкелді, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
21 жастағы Мақтаарал ауданының тұрғыны кеше жүктілік кезеңінің 39 апталығында «Жетісай» аудандық орталық ауруханасына түсті.
Әйел дені сау ұл баланы өмірге алып келді. Сәбидің салмағы 3,2 келі.
«Келіншектің бұл тұңғыш сәбиі. Есепке алынып, үй жағдайында бақылауда тұратын келіншектің жағдайына қарай әрекет жасап, аман-есен босандырып алдық. Анасы мен сәбидің жағдайы қанағаттанарлық»,- дейді «Жетісай» аудандық ауруханасының перзентхана бөлімі меңгерушісі Айнагүл Әміреева.
Елдегі төтенше жағдай мен карантиндік режимге қарамастан аудандағы дәрігерлердің кәсібилігінің нәтижесінде жыл басынан бері Жетісай аудандық перзентханасында 2800 сәби дүниеге келген. Олардың 50-і егіз болса, 400-ге жуығы ота арқылы дүниеге келген.
Айта кетейік, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен наурыз айында «Жетісай» аудандық орталық ауруханасында Сарыағаш, Келес, Мақтаарал, Шардара және Жетісай аудандарына арналған 100 орындық инфекциялық госпиталь құрылған болатын. Бүгінде covid19 пандемиясына шалдығушылар санының төмендеуіне байланысты мұнда небәрі 20 төсек-орын қалдырылған.