"Ей, Нұрлан, сауатсыз болсаң, елді адастырма": Меруерт Түсіпбаева Еспановқа сын айтты
"Ей, Нұрлан, сауатсыз болсаң, елді адастырма": Меруерт Түсіпбаева Еспановқа сын айтты
Меруерт Түсіпбаева Нұрлан Еспановқа қарсы шықты. Бұған дейін елде тараған коронавирустың жалған екенін айтқан Еспанов біраз сынға қалған еді. Енді әріптесінен тағы оңбай сын естіді, деп жазады stan.kz.
Коронавирустың қолдан жасалғанын, елімізде ешқандай індет қаупі жоқ екенін айтқан Нұрлан Еспанов көпті ашуландырды. Оған сын айтқан блогер де, әнші де, қарапайым тұрғындар да табылды. Еспановтың өзі бұл пікірді елде індет басталмай тұрғанда білдіргенін айтып ақталған еді. Алайда дау әлі аяқталмапты. Әріптесі Меруерт Түсіпбаева экран алдында ашуын төкті.
"Танымал жандар арасында елді адастырып жүргендер бар. Ей, Нұрлан, сен сауатсыз болсаң, елді адастырма. Біреуге көмегің тимесе, зияның тимеу керек қой. Мен әлемде не болып жатқанын күнде оқып отырамын. Италия, Америка қырылып жатыр. Сонда коронавирус деген өтірік әңгіме ме? Сауатсыз болсаң, маған хабарлас, бір сағат асықпай бәрін түсіндіріп беремін. Жақындарыма, туыстарыма, желідегі достарыма жазып, сақтандырып отырамын. Сақтық шараларын жасаңдар деп. Ал, Нұрландікі не әңгіме?", - деді Түсіпбаева "Ел аузында" бағдарламасына берген сұхбатында.
Бұған Нұрлан мырзаның өзі не деді?
"Мен елге басу айтқан болатынмын. Үкіметтегіле азық-түлік бәріне жетеді деген соң, халық таласпасын, дүрбелең туғызбасын деп айттым. Бастапқыда елдің таласа-тармаса үйіне азық-түлік алғаны рас. Елді тыныштандыру үшін айтылған түймедей әңгімені түйедей қылып жібереді. Бүгінде қайырымдылық әрекеттерін жасап жатырмыз", - деді әнші.
Еспанов о баста індеттің жоқ екенін айтса да, бүгінде жақсылық жасауды қолға алған. Мұқтаж жандарға азық-түлік таратып, алғыс алып жүр.
"Арыста жарылыс болғанда 3,5 млн теңгеге 114 балаға мектеп формасын алып бердік. 1 млн теңгеге азық-түлік алып бардық. Ұлым 450 мың теңге таратты. 5 млн теңгеге ДЦП дертімен ауырып жатқан балаларға арбасын алып бердік, Ташкент қаласына апарып емдеттік. Енді қазір халыққа азық-түлік қорабын таратып жатырмыз. Оның бәрін айта бермейміз ғой. Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін дейді. Өздері айтқызады", - деді Еспанов.
Оның бұлай ашық айтуына Меруерт Түсіпбаеваның сыны әсер етсе керек.