Түркістан: Мақтааралда эвакуациялық бекеттер азайып келеді
Түркістан: Мақтааралда эвакуациялық бекеттер азайып келеді
Түркістан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен Мақтаарал ауданында эвакуациялық бекеттер азайып келеді. Кезінде үйлерін су басқан елді мекендердің тұрғындары баспаналарын қайта тұрғызу жұмыстарымен айналысуда, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Сондай-ақ көрші елді мекендерден пәтер жалға алып, туысқандарының үйін паналап жатқан отбасылар да бар. Осының әсерінен бүгінде ауданда 24 эвакуациялық бекеттің 5-еуі ғана қалып отыр. Мұнда жалпы саны 341 азамат орналасқан. Олар негізінен Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас ауылдарының тұрғындары болып табылады. Эвакуациялық бекеттерді паналаушылар төсек орындармен және 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оларға еліміздің түрлі облыстарынан келген және жергілікті жердің кәсіпкерлері тарапынан көмектер беріліп жатыр. Түрлі мәдени көпшілік іс-шаралар өткізіліп, психологтар қолдау көрсетті. Ең бастысы, бекеттерде карантин режимі толықтай сақталған.
Айта кетейік, төтенше жағдай орын алғаннан кейін Атакент кенті, Мақтаарал және Жамбыл ауылдық округтерінде жалпы саны 10 мың адамды қабылдай алатын 24 эвакуациялық бекеттер ұйымдастырылған болатын. Сондай-ақ, қосымша Жетісай қаласынан 3 эвакуациялық бекет ашылып, тұрғындар жаппай орналастырылған еді.