Жаңалықтар

Түркістан: Кентауда карантин талаптарын сақтамаған 19 нысан анықталды

Түркістан: Кентауда карантин талаптарын сақтамаған 19 нысан анықталды

 width= Түркістан облысы Кентау қаласында карантин талаптарын сақтамаған 19 нысан анықталды. Тыйым салынған уақытта жұмыс істеген дүкендер мен дәмханалардың иелеріне хаттама толтырылды, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі  Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кентауда күнделікті рейд жүргізіліп тұрады. Бұл шараларға қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов және қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері, кәсіпкерлік бөлімі, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының мамандары, БАҚ өкілдері қатысады. Мобильді топ мүшелері карантин талаптарына сақтамай жұмыс жасап жатқан нысандарды анықтап, оларға тиісті талаптарды толығымен сақтауды ескертіп отыр. Бүгінде қалада осындай үш мобильді топ құрылған. Барлығына қала әкімінің орынбасарлары басшылық етуде. «Қаланы және қалаға қарасты 16 ауылдық округті секторға бөліп, жұмыс жасап жатырмыз. Қазір біраз реттелді. Халық та түсінді. Арасында бағынбай, жасырын жұмыс жасап жатқандарға айыппұл салынуда. Бұл жұмыстар карантин біткенше жалғасады», – дейді қала әкімінің орынбасары Бекайдар Әлімбетов. Бүгінге дейін Кентауда жасырынып той істегендер мен туған күн тойлағандар, шектелген уақытта жұмыс істеген дүкендер бар. «Рейдке күнделікті шығып жүрміз. Анықталған жағдайлар бойынша хаттама толтырып, Кентау қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдаймыз», – дейді учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Бекжан Қонысов.