Түркістан облысының полицейлері заңсыз құм өндіру фактісінің жолын кесті
Түркістан облысының полицейлері заңсыз құм өндіру фактісінің жолын кесті
Түркістан облысында жерден заңсыз құм өндіріп келгендер қолға түсті, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, «Таза Қазақстан» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Түркістан облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері экологиялық құқық бұзу әрекеттерін анықтау бойынша рейд, сондай-ақ карантин кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Атап айтқанда, тәртіп сақшылары Отырар ауданындағы рейд барысында табиғатты қорғау инспекциясымен бірлесіп, ауылдардың бірінің жанында заңсыз құм өндірген және тасымалдаған жергілікті тұрғындарды ұстады. Полиция қызметкерлері тәртіп бұзушылардан құмы бар екі жүк көлігі мен жүк тиегішті айғақты зат ретінде тәркілеп алды.
Бұл жайт ҚР ҚК-нің 334-бабы «Жер қойнауын өз бетінше пайдалану» әрекеті бойынша тіркелді. Тәртіп сақшылары жүк көліктері мен экскаваторды айып тұрағына қойды. Жинақталған материалдар заңды шешім қабылдау үшін тиісті органдарға жіберіледі.