Жолшылар Түркістан облысындағы республикалық маңызы бар «РФ шекарасы (Самара)-Шымкент» автомобиль жолының 11 шақырымын орташа жөндеуден өткізу жұмыстарын аяқтады. Жаңартылған жол учаскелері көлік қозғалысы үшін толықтай ашық, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, мердігер «Сине Мидас Строй БК» ЖШС және «NNC Group» ЖШС жолдың цемент-бетон жабындысының шөгуін жойып, температуралық жіктерді құю жұмыстарын орындады. Жабындының жоғары қабатын жайластыру кезінде жолшылар эмульсиялық-минералды құйма қоспалардан тозудан қорғайтын қабатты төседі. Микросюрфейсинг технологиясы жабындының тозған қабатын қалпына келтіріп, жарықтардың пайда болуынан, жол жабындысының жоғары қабаттарын суға қанығудан қорғайды, сондай-ақ жол жабындысы қабаттарының өзара тіркесу және жабын тегістігі көрсеткіштерін жақсартады. Бұл шаралар жөндеуаралық мерзім мен жолдың бетон жабындысының қызмет ету уақытын ұзартуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен бұрын орындалды.