Түркістанда жолдар жөнделіп жатыр
Түркістанда жолдар жөнделіп жатыр
Түркістан облысы, Шардара ауданында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жолдар жөнделуде. Ағымдағы жылы аудан орталығы мен ауылдардың арасындағы жолдар ретке келтіру жұмыстары карантиндік режимнің сақталуына қарамастан жалғасуда, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің ешбір қиындықсыз еркін жүріп-тұруларына жағдай жасау мақсатында шағалалы ауданда 21 көшені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде жалпы ұзындығы 9,84 шақырымды құрайтын Оңдасынов, Түгелбаев, Әйтеке би, Төле би және Жібек жолы көшелері бар. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы атқарылып жатқан жұмыстарды өз бақылауына алған. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында Төле би көшесі бойындағы желілі саябағы мен Жібек жолы көшесі, «Үш арыс» скверін абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы қатаң бақылауда. Жөндеуге қажетті құрылыс материалдары отандық, арнайы лицензиясы бар. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес уақтылы, бекітілген стандарт-талаптарға сай жүргізіліп келеді. Басты мақсат – тұрғындардың ешбір қиындықсыз жүріп-тұруларына жағдай жасап, мемлекеттен қаралған қаржының әрбір тиынын мақсатты жұмсау болып отыр», - дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Шағырбаев.
Айта кетейік, бұдан бөлек қалада орналасқан 10-ға жуық саябақтардың қоршаулары реттелуде. Сондай-ақ, жол бойындағы жарықшамдар ауыстырылып, жаяу жүргіншілерге арналған аяқжолдар жөнделіп жатыр.