Ұлттық музей жаңа жәдігерлермен толықты

22 Қаңтар, 2019 1753 0

«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жаңа жәдігерлермен толықты

«Өткенін мақтан тұтып, бүгінін

бағалай білу және болашаққа оң

көзқарас таныту-еліміздің табысты

болуының кепілі дегеніміз осы».

Н.Ә.Назарбаев

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы Ұлы Дала Елінің тарихынан сыр шертетін қазақ халқының тұнып тұрған шежіресі.

Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде басталған ұлттық тарихымызға терең үңіліп, түп-тамырымызды жете тану – баршамызға ортақ міндет. Жаһандану кезеңінде ұлтымыздың мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау елді бекемдеудің тікелей кепілі.

Мақаланың бір тармағы: Ұлы даладағы металлургия. Мақалада Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастағанды, ата-бабаларымыз жаңа, неғұрлым берік металдар өндіру ісін дамытып, олардың жедел технологиялық ілгерілеуіне жол ашқандығы туралы баса айтылған.

Ата-бабамыздан қалған байтақ еліміздің мұрасын, ұлттық құндылығын сақтап, сан тарихтан сыр шертіп, сайын даланың сырына үңілуге көмектесетін қасиетті орда – музей.

Елбасы мақаласы негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі бірқатар жұмыстар атқаруда. Осы ретте музей қорына 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Амангелді Иманов сарбаздарына қару-жарақ жасауда қолданылған көрік, іскенже, төс қабылданды.

Көрік – ұста, зергерлердің түрлі металдарды балқытып, қыздырып, өңдеу үшін қолданатын, оттыққа жел беріп тұратын құралы. Көріктің «қос көрік», «қол көрік», «мес көрік», «аяқ көрік» деген түрлері бар. Көріктің көлемі неғұрлым үлкен болса, оның көмейінен оттыққа берілетін ауаның қысымы да соғұрлым жоғары болады (1- сурет).

Іскенже - дайындамаларды, тетіктерді өңдеу немесе құрастыру барысында екі ерін (жылжымалы және жылжымайтын) арасында қысуға және ұстап тұруға арналған. Іскенженің «әмбебап іскенже», «білдектік іскенше», «қол іскенше», «машиналық іскенше», «орындықты іскенше», «өздігінен центрленетін іскенже» деген түрлері бар (2 - сурет).

Төс - ұстаның түрлі металды қыздырып немесе құрғақтай өңдейтін негізгі құралы. Төстің алдыңғы сүйірлене біткен жағы – тұмсығы, оған қарсы жағы – дүмі, үстіңгі жағы – беті, екі жақтауы – қапталы деп аталады. Тұмсығының түбінде, яғни төстің желке тұсында темір кесуге арналған жері, сондай-ақ дүм жағындағы бетінде бір дөңгелек және бір төрт бұрышты тесіктері болады. Дөңгелек тесігіне салып әр түрлі кесу жұмыстары атқарылады (3 - сурет).

Жоғарыда аталған құралдар Торғай өңіріне танымал, атақты Сары ұста Садуақас Тілеуғабылұлына тиесілі. Садуақас ұстаға құралдар әкесінен қалған және жеті атаға дейін беріліп келген. Садуақас ұста 1892 жылы Торғай уезі Аққұм ауылында дүниеге келген. 1916 жылы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісті бастаған Амангелді Имановтың сарбаздарына қару-жарақ соққан белгілі ұста. Ұста қыпшақ тайпасы, сарытымақ руынан шыққан. 1946 жылы 53 жасында дүниеден өтті. Торғайлық жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Қызыл жалау» романында Амангелді Иманов пен белгілі ұста Садуақас Тілеуғабылұлы туралы жақсы баяндалған. Әкеден қалған құралдарды Кенжебай Садуақасұлы 1976 жылға дейін пайдаланған. Одан кейін ұстаның немересі Садуақасов Бақытжан Кенжебайұлы 2017 жылға дейін сақтап келген. Бақытжан Кенжебайұлы 21 мамыр 2017 жылы дүниеден өтті. Садуақас ұстадан қалған құралдарды ұстаның кіші немересі Серікбай Кенжебайұлы мен шөбересі Ерболат Бақытжанұлы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тапсырды.

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында айтылғандай, қазба жұмыстары барысында табылған металл қорытатын пештер мен қолдан жасалған әшекей бұйымдары, ежелгі дәуірдің тұрмыстық заттары мен қару-жарақтары тарихымыздан терең сыр шертеді.

Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болмақ.  

 

Айгерім Жүсіпова

ҚР Ұлттық музейінің cарапшысы

Тегтер: жәдігер, музей, ұлттық, құндылық, тарих, Елбасы, мақала

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.