Алматыдағы № 4 қалалық клиникалық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Асылханұлы қайтыс болды, - деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі.
"Болат Түсіпхановтың кенеттен қайтыс болуы бүкіл медицина қауымдастығы үшін орны толмас қаза. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының ұжымы Болат Асылханұлының отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады", - деп жазылған басқарма хабарламасында.
Әлеуметтік желілерде алматылық дәрігердің аудиожазбасы тараған болатын.
"Менің екі хирургым ауырып қалды, олар науқастармен байланыста болды, сонда жұмыс істеді. Біреуі жансақтау бөлімінде жатып, әрең есін жиды, екіншісі тіптен жатып қалды. Ал бүгін біздің меңгерушіміз ауырып қалды.
Ауруханалар науқастарға толы. Жансақтау бөлімінде орын жоқ. Аппараттар жеткіліксіз. Бұл шындық. Тіпті жағдайы орташа ауыр науқастар үйлерінде қалып жатыр. Сізге ешкім дәрі бермейді. Сондықтан тағы да айтамын, денсаулықтарыңызды сақтаңыздар, абай болыңыздар", - деген еді Болат Түсіпханов аудиожазбада.