Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген кезден бастап қалада тұрғын үйге деген сұраныс артқан. Осыны ескерген «Shymkent» ӘКК» АҚ-ы 2024 жылға дейін шамамен жалпы алаңы 700 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салуды жоспарлап отыр, - деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
bugin.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте «Shymkent» ӘКК» АҚ-ының төрағасы Б.Канкин мәлім етті.
Бүгінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 26 тұрғын үй құрылысы бойынша 6 келісімшарт жасалған. Оның ішіндегі 21 үй жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі екен.
«Тұрғын үйлердің құрылысы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қазақстандық орнықтылық қоры» АҚ-ның кредиттік қаражаты есебінен және ӘКК-ның өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Корпорация пәтерлерді сату жолымен шамамен 12.8 млрд теңгеге қол жеткізеді, оның 11.8 млрд теңгесін қолданыстағы кредит бойынша «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қайтаруы қажет», - деді Б.Канкин.
Айта кетейік, биылғы жылы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының тапсырысы негізінде «7-20-25» бағдарламасы аясында салынған 24 үй пайдалануға берілді.