Түркістан облысында тарихи нысандарды реставрациялауға өзбекстандық шеберлер шақырылды

21 Қаңтар, 2019 726 0

Түркістан облысында 18 тарихи-мәдени мұра нысанын реставрациялау және қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл туралы еліміздің Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова мәлімдеді,  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, алдағы 3 жыл ішінде Қожа Ахмет Ясауи Кесененің басты компоненттері - Қазандық, Қабірхана, Басты портал жаңғыртылады. Кесененің жарықтандыру және желдеткіш жүйелері жөнделіп, қазақ хандарының мәжіліс өткізетін және елшілерді қабылдауға арналған Үлкен Ақсарай бөлмесі толығымен қайта қалпына келтіріледі. Өзге де залдардың экспозициялары, соның ішінде Қазандық пен Құдықхана бөлмелері реставрацияланады. Дәл осындай жаңғырту жұмыстары  Күлтөбе қалашығында да  қайта жаңғыртылады. Археологиялық зерттеу жұмыстарының негізінде қаланың 27 га аумағында, үш жыл ішінде 50-ден астам іздері сақталған құрылыстарды салу жоспарлануда. 

«Жоба бойынша Түркістанға арнайы Хиуа, Самарқанд тарихи қалаларын қалпына келтіру бойынша мол тәжірибесі бар Өбекстандық реставратор  мамандар шақырылды. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Өзбекстан Мәдениет министрліктері арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды»,- деді Ақтоты Райымқұлова.

Вице-министр сондай-ақ XVI-XVII ғасырдағы  Әбілмәмбет ханның ордасының кейбір бөліктері бұрынғы қалпына келтіріп, оның негізгі археологиялық фрагменттерін консервациялау және музейлендіру жоспарланып отыр. Жобаға сәйкес қысқы Хан Ордасының рухын, тұрмыс-тіршілігін және ерекшелігін көрсету көзделген. Бұл Түркістанда Қазақ хандығының ірі саяси орталығы ретінде және қаланың тарихи-мәдени әлеуетін көрсетеді. Бұдан өзге XVI-XVII ғасырға тиесілі Хан мешітінің  саз кесек қабырғалары мен мешіттің шатыры және күмбездерін күрделі реставрациялау, барлық бөлмелеріндегі интерьерлерді жөндеу көзделіп отыр. 

«Жаңғырту жұмыстары 40 мешіттің ішінен қазіргі заманға дейін жеткен жалғыз Жұма мешіті (XI-XII ғғ.),  Қылует жерасты мешіті (XI-XII ғғ.),  ортағасырлық шығыс моншасы (XV  ғасыр), Рабия Сұлтан Бегім мен Есім хан, Сегіз қырлы кесене, Шілдехана, XIX ғасырдың соңындағы Казарма ғимараты жаңғыртылады. XIX ғасырдағы Түркістан цитаделінің көшелері мен "Жеті Ата" қақпасынан кесенеге дейінгі орталық магистралды көше қалпына келтіріледі. Сонымен қатар Дарбаза және  Мүссәлә, Тақия және Жеті ата қақпаларына реставрация жұмыстары жүргізілетін болады. Бүгінде шетелдік компаниялар аталған жобаға қатысуға үлкен қызығушылық танытып отыр. Мәселен, өзбек компаниясы қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, орта ғасыр дәуіріндегі майоликтер мен кірпіштерді дайындау шеберханаларын ашуға әзір»,- деді Ақтоты Райымқұлова. 

Мемлекет Басшысының қолдауымен жобаны іске асыру барлық қосымша инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қызмет көрсету объектілерін құруға әсер ететін орасан зор мүмкіндіктер бермек. Мұнда сондай-ақ жаңа шығармашылық шеберханалар ашылып,  қолөнершілік кәсіп жанданбақ.  Мұның барлығы әлемнің түкпір-түкпірінен Түркістанға келетін туристер мен зияратшылар  санын он миллион адамға дейін ұлғайтуға және олардың қалада болу уақытын бірнеше сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.


Тегтер: Түркістан, құрылыс, реставрация, мәдениет, руханижаңғыру

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.