Еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан праймериз спортшылар қауымын да елеңдетті. Солардың қатарында білікті бапкер Азиз Анетов пен оның шәкірті, жекпе-жек спортының жас қыраны Махсуда Джаппарова да бар. Бапкер мен шәкірт «Nur Otan» партиясының Мақтаарал аудандық филиалына келіп, праймеризге құжаттарын өткізді. Бұл туралы
Newsroom+Ақпарат агенттігі «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Түркістан облысының №5 ОРМБЖ спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Азиз Анетов праймериздің жаңа тұлғаларды, ел азаматтарын жарыққа шығаратынына сенімді.
Ал оның шәкірті Махсуда Джаппарованы Мақтааралдың ғана емес, еліміздің мақтанышы деуге болады. Махсуда Джаппарова – кәсіпқойлар арасында аралас жекпе-жектен республикалық және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы. ММА тұжырымдамасы бойынша да жекпе-жек өткізіп, ел намысын қорғаған. Бүгінде ол Мақтаарал ауданы, Атакент кентінде жаттықтырушы болып қызмет атқарады.
Шаршы алаңда ғана емес, саясат алаңында да бағын сынауды жөн көрген спортшылар іріктеуден өтсе, аудан көлеміндегі маңызды мәселелерді шешуге үлес қоспақ.