Павлодар облысында Мұғалімдер күні қарсаңында 15 ұстазға 2,6 млн теңгеден, ал жыл соңына дейін тағы 45 мұғалімге осыншама сыйлықақы беріледі, деп хабарлайды
Newsroom+Ақпарат агенттігі
ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұл туралы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов тамыз конференциясында айтты.
- Биылғы жылы мен «Павлодар облысының білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» марапатын тағайындадым. Қазан айында Мұғалімдер күні қарсаңында оны 15 мұғалім алады. Сонымен қатар оларға 2,6 млн теңгеден сыйлықақы беріледі. Жыл соңына дейін осындай марапат және сыйлықақы тағы 35 мұғалімге беру жоспарда. Ертеңгі күннің еншісі бүгінгі ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне байланысты. Сондықтан білім беру – жауапкершілігі мол абыройлы іс. Оны өздеріңізден артық ешкім білмейді. Осы орайда бүгінгі жиынның маңызы зор. Еліміздің мерейі үстем, еңсесі биік, туымыздың тұғыры берік болсын! – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Мұғалімнің мәртебесі туралы» заңның қабылдауына үлкен үміт артатынын жеткізді. - Сіздердің құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңізді сақтау мәселесі өте маңызды. Көптеген ерекше функциялардан босату және біздің үнемі қолдауымыз сіздерді жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенемін. Алдағы уақытта павлодарлық мұғалімдер мен студенттердің көптеген жеңістерге жететіндігіне сенімдімін, - деп атап өткен облыс әкімі ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.