Ұлттық банктің жауабы Нұрымбетовтің есебінен басқаша болып шықты
Біз Ұлттық банк пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорларының басшыларына хат жазып, 2020 жылдың басынан бері Ұлттық банк МӘМС-тің қанша құнды қағазын қанша теңгеге және қай биржаларда сатқанын сұрадық. «2020 жылдың басынан бастап шілде айына дейін МӘСҚ-ның сұраныстары негізінде әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық Банк МӘСҚ портфеліндегі активтерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарының бір бөлігін жалпы сомасы 206,84 млрд теңгеге сатты», - деп хабарлады бізге Ұлттық банк. Яғни Еңбек министрі құнды қағаздар 322 млрд теңгеге сатылды десе, Ұлттық банк жыл басынан бері 206 млрлд 84 млн теңеге түскенін хабарлап отыр.Қордың қандай акциялары қандай биржаларда сатылды?
Дереккөз мәлім еткендей, әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін МӘСҚ қажетті сомаларды алуға өтінім береді, ал Ұлттық Банк талап етілетін сомаларды қамтамасыз ету үшін қажет болған жағдайда МӘСҚ портфелінен активтерді сатады. Бірақ МӘМС хабарлағандай, Ұлттық банк Қордың активтерін сату үшін Қордың бүкіл компаниялардағы акцияларын сата алмайды. Жалпы қордың қанша компанияда акциясы бар екені де белгісіз. Бірақ біз Қордың тек сегіз компаниядағы акциялары ғана сатылатынын білдік. Яғни акцияны сатудың да өз лимиттері мен шектеулері бар. Бұл ереже Үкіметтің арнайы қаулысымен бекітілген. «МӘСҚ активтері портфелінен Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарын сату нарықтық шарттарға сәйкес бағалы қағаздар нарығында – Қазақстан қор биржасында жүзеге асырылды. Бұл ретте, бағалы қағаздармен мәмілелер жасау кезінде Биржа сатушы/сатып алушы туралы ақпаратты ашпайды», - деп хабарлап отыр акциялар қайда сатылды деген сұраққа жауап берген Ұлттық банк.