Аудан әкімі Ұ.Сәдібеков Ақсукент ауылдық округінің әкімі қызметіне бұған дейін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарған Ә.Бурбековті ұсынған болатын. Бұл туралы Сайрам ауданы әкімінің баспасөз қызметіне NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды.
Аудандық мәслихат депутаттары дауысқа салып, бүгін Бурбеков Әбдіманат Нұрсейітұлы Сайрам ауданы Ақсукент ауылдық округінің әкімі қызметіне кірісті. Аудан басшысы Ұласбек Сәдібеков Әбдіманат Бурбековке сәттілік тіледі.
- Ақсукент - Сайрам ауданының орталығы. Мұнда атқарылатын шаруа өте көп. Әсіресе, біңнші кезекте тазалық, абаттандыру, көркейту жұмыстарын қолға алу керек. Жұмыс барысында ауданның орталығы басқа ауылдарға үлгі боларлықтай алдыңғы қатарлы нәтижелерді көрсетуі тиіс. Әбдіманат Нұрсейітұлы бұған дейінгі кемшіліктерді қолға алып, Ақсукент ауылдық округін көркейтуге өзіндік үлесін қосады деп сенім арттық. Сол сенімді ақтауға сәттілік тілейміз, - деді Ұласбек Сәдібекұлы.
Әбдіманат Нұрсейітұлы – 1974 жылдың 16 қарашасында қазіргі Түркістан облысы, Бәйдібек ауданында дүниеге келген. «Техник-құрылыс-технолог», «Инженер-экономист», «Заңгер» мамандықтары бойынша біліктілік алған. Еңбек жолын 1993 жылы «Агропромстройкомплекс» кооперативінде есепші болып бастап, осы Сайрам ауданында 2008-2011 жылдар аралығында Бадам, Қарасу ауылдық округтерінің әкімі қызметін атқарған.
Ал 2011-2019 жылдар аралығында Ә.Бурбеков Халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет етіп, аталған салада мол тәжірибе жинақтаған.
2019 жылы Түркістан облысы Сарыағаш ауданында аудан әкімінің кеңесшісі қызметін атқарып, сол жылы тамыз айында Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызметін атқарған.