Жаңалықтар

Түркия мамандары жамбылдық медицина қызметкерлерін тегін оқытуға келісті

Түркия мамандары жамбылдық медицина қызметкерлерін тегін оқытуға келісті

 width= Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Башкент университеті клиникасының басқарма төрағасы, профессор Мехмет Хаберал онлайн кездесу өткізіп, денсаулық сақтау саласындағы стратегиялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Түрік мамандары жамбылдық дәрігерлерге жан-жақты қолдау көрсетуге, біліктілігін арттыруға дайын,- деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап. Аймақ басшысы Түркия мен Қазақстан арасында достық қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқанын атап өтті. Башкент университетінің клиникасы әлемнің жетекші білім беру және медициналық мекемелерінің бірі,  Қазақстанның денсаулық сақтау саласына үнемі тәжірибелік көмек көрсетіп келеді.
«Біз Башкент университеті клиникасының үздік мамандары Қазақстанның әр аймақтарында шеберлік сабақтарын өткізіп,  халыққа консультациялық көмек беретінін білеміз. Сонымен қатар қазақстандық медицина қызметкерлері сіздердің клиникаңыздың шақыруымен бірнеше рет Анкара қаласында біліктілігін арттырудан өтті. Әлемде медициналық көмектің ілгері дамып, жетіліп жатқандығын, диагностика мен емдеудің жаңа технологияларын енгізуді ескере отырып, Жамбыл облысының медицина қызметкерлері де  оқытудан және қайта даярлықтан өтуді қажет етеді. Атап айтқанда, кардиология, неврология, гастроэнтерология, пульмонология, нефрология, интервенциялық кардиология, нейрохирургия, тамыр хирургиясы, эндовидеохирургия сияқты бағыттарды дамыту керек. Біздің анестезиологтар, реаниматологтар, неонатологтар, акушерлік және балалар мамандары да өз біліктіліктерін арттыруы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.
Өз кезегінде Мехмет Хаберал осы бағытта Жамбыл облысымен ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.
«Біз сіздердің медициналық қызметкерлеріңізді қабылдап, оларды тегін оқытуға дайынбыз. Сонымен қатар медициналық ұйымдар негізінде мастер-кластар, семинарлар, конференциялар және басқа да оқу іс-шараларын өткізу үшін біздің мамандар сіздің өңірге арнайы жіберілетін болады», - деді профессор Мехмет Хаберал.
Бердібек Сапарбаев қазір эпидемиологиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын, коронавирустық инфекцияның таралу қарқыны төмендегенін атап өтті. Алайда пандемияның екінші толқынына дайын болу керек. Осыған орай, тәжірибені ескере отырып, облыста қосымша резервтік тесек қоры құрылып, бюджет және демеушілік қаражат есебінен құрал-жабдықтар, тест - жүйелері, дәрі-дәрмектер сатып алынуда. Мехмет Хаберал университеттік клиника Жамбыл облысындағы медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек жіберуге дайындалып жатқанын тілге тиек етті. Онда бір реттік және қайта пайдалануға болатын қорғаныс костюмдері, респираторлар, маскалар, антисептиктер, дәрі-дәрмектер және медициналық жабдықтардың бар екендігі айтылды. Онлайн кездесу соңында Бердібек Сапарбаев профессорға осындай маңызды қолдауы үшін алғысын білдіріп, Тараз қаласында Башкент университеті клиникасының филиалын салу мәселесін қарастыруды ұсынды. Клиниканың филиалдары Еуропаның көптеген елдерінде жұмыс істейтіні белгілі.